Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша мектептер арасында рейтинг жасалмайды. Рейтинг үшін түрлі құйтырқылыққа баратындарды министрлік осылай сабасына түсірмек. Бүгін Білім министрі Ерлан Сағадиев әкімдерге тиісті тапсырма берді. Биыл ұлттық бірыңғай тестілеуге республика бойынша 100 мыңнан астам түлек өтініш білдірді. Олардың 75 проценті қазақ тілінде оқуға ниет етсе, қалғаны орыс тілді бөлімдерді таңдаған. Мемлекеттік гранттар да солай таратылды. ҰБТ-да орташа ұпай көрсеткіші 83-ті құрады. Шекті деңгей - 50 ұпайды 84 мың түлек жинады.
Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:
Тест тапсырғандар смартфон, роутер, модем сияқты 82 мыңнан астам құрал-жабдықты, сондай-ақ, 28 мыңнан астам шпаргалка алып өтпекші болған.
Былтырдан бастап 1-ші, 2-ші, 5-ші және 7-ші сыныптар жаңа оқу бағдарламасы бойынша білім алуды бастаған. Жаңа оқу жылынан бастап қосымша 3-ші, 6-шы және 8-сыныптар жаңартылған оқулықтармен білім ала бастайды. "Кітаптар дайын болғанмен, оны жеткізу кешігіп жатыр", - деді Сағадиев.
Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:
Бірнеше өңірлер, оның ішінде Астана қаласы, Батыс Қазақстан облысының Зеленов ауданы, Түркістан облысының төрт ауданы осы күнге дейін бұл жұмысты бастаған жоқ. Жаңа оқу жылына дейін 20 күн қалды. Сондықтан аталған жерлерге оқулықтарды уақытында жеткізбеу қаупі бар. Жергілікті атқарушы органдардың барлығынан осы мәселеге назар аударуды сұраймын.