Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Атырау облысында мал батпаққа батып, қырылып жатыр

AstanaTV
08.08.2018ж. 20:00
4415
Атырау облысында мал батпаққа батып, қырылып жатыр

Атырау облысында мал қырылып жатыр. Келген кесел жоқ, төрт түлік суы тартылған арықтарда батпаққа батқан. Исатай ауданы тұрғындарының айтуынша, жауапты мекеме каналға соңғы кезде су жіберуді де мүлдем сиретіпті. Мал бағып бейнеттенген халық қолындағы төрт түліктің арам өліп жатқанына ашынады. Аймақтағы әріптесім Базаргүл Нәдірқызы ауыл халқының базынасын тындап қайтты.  

Базаргүл Нәдірқызы, тілші:

Нарын, Бақсай каналының бойында осындай шіріп жатқан мал жиі кездеседі. Батпаққа батып, арам өлгендерін жолай өткен жандар әлі келсе өздері, келмесе көлігімен сүйреп тастауға мәжбүр.

Ес білгелі мал шаруашылығын кәсіп еткен Қуанышкерей қария 1962 жылы бұл аумаққа су арықтары салынғанын айтты. Содан бері мұндай проблема болған жоқ,- дейді ол. Соңғы кездері  мал басын түгендеп жиі дала кезетін болған.

Қуанышкерей Жұмағалиев,  жеке шаруа қожалық меңгерушісі:

20 шақты күн болған болар шығарып тастағаныма. Кімдікі демейміз. Батып қалады шығарып тастаймыз. Қашық сүйремесең, судың бәрін ластайды да, малдың бәрі ауру болады ғой.

Талғат Тастанбеков, Исатай ауданының тұрғыны:

Су болмағандықтан, су дұрыс жетпегендіктен, судың каналдың бойы батпаққа айналады. Жігіттер құдайдың құтты күні бір мал, екі бас малды батпақтан суырып шығарып жатыр өз күштерімен. Менің бір бас бием балшыққа батып құлап, тұрғызып, күй болмағандықтан, сойып тастауға тура келді.

Жергілікті халық осы арықтағы суға жауапты «ҚазСуШар» мекемесіне ай сайын мал басына есептеп ақы төлейтіндерін айтады. Жылқы мен түйеге 213, сиырға 262 теңге бекітілген. Алайда ақша алуды білгенімен, төрт түлікке су қажетті мөлшерде жеткізіп бермей отыр деп айыптайды.

Есмағзом Қойтанов, Исатай ауданының тұрғыны:

Округтің әкіміне қанша малымыз бар беріп қойдық. Соған байланысты ақшамызды төлеп, квитанциямыз қолымызда. Бірақ та сол ақшамызға су алуымыз керек. Төлеп отырмыз ғой енді.

Құрғап тұрған арыққа бүгін су жіберіліпті. Бұған тұрғындар аң-таң. Тіпті мал қырылып жатқан канал басынан атқамінерлер мен жауапты мекеме мамандары да табыла кетті. Бірақ каналдың су жүретін астын тереңдетпесе, мәселе шешілмейді,- дейді тұрғындар. Ал «ҚазСуШар» мекемесі өкілдері болса судың жетпеуіне халықтың өзін кінәлап отыр. 

Бейбіт Бисалиев, «ҚазСуШар» РМК Атырау филиалы төменгі жайық өндірістік учаскесінің басшысы:

Себебі малдың санын дұрыс бермейді. Мысалға, Исатай ауданында статта 13 мың жылқы болатын болса, фактически 20 мыңның үстінде жылқы бар. Сиыр да солай. Малдың санын жасырмасын, малдың санын берсін нақты, су беріледі.

Бұл тартыс ұзаққа созылатын түрі бар. Мал сынанан бөлек, канал жөндеу жұмыстары қашан басталатынын аудан әкімінің өзі де білмейді.

Еркебұлан Әбілқасымов, Исатай ауданы әкімінің міндетін атқарушы:

Қазіргі уақытта бұл каналдардың құжаттары жасақталуда. Бұрын құжаттар толық болмаған. Сондықтан жөндеу жұмыстарына қаржы сұрауға көптеген қиындықтар туғызды. Қазір құжаттар түгел жасақталып бітуге жақындады. Содан кейін жөндеу жұмыстарына қаржы сұралып, жұмыс жүреді.

Тұрғындардың айтуынша, жаз шыққалы сортаңда 20 шақты мал сорлап қалған. Енді олар келген шығынды кімнен өндірерін білмей дал.