Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Ақтау тұрғындары электр қуаты үшін қосымша сома төлеуге наразы

AstanaTV
08.08.2018ж. 20:00
3040
Ақтау тұрғындары электр қуаты үшін  қосымша сома төлеуге наразы

Ақтауда электр қуатының ақысына қатысты тағы да дау шықты. Тұрғындар тұтынылған ток ақысына одан басқа тағы да 50 пайыз сома қосылғанына наразы. Жұрттың айтуынша, түбіртектегі қосымша ақы туралы ешкім де ескертпеген. Ашынған жұрт «МАЭК- Қазатомпром» серіктестігінің есептік- касса орталықтарына барып, мәселені түсіндіруді талап етті. Ақтаулықтар шағымын тілшілеріміз тыңдап қайтты.

Фаина Даулетшина, Ақтау қаласының тұрғыны:

Біз 567 киловатт ток пайдаландық. 2 салқындатқыш қосамыз, ол түсінікті делік. Бірақ оған орташа есеппен деп тағы 336 киловатт қосқандары несі? Бұл не сұмдық? 

Ақтау қаласының мыңдаған тұрғыны осындай сұрақтарға жауап іздеп дал. Олардың айтуынша, шілде айының түбіртектегінде «орташа» деген жаңа есеп пайда болып, электр қуатының ақысына артық сома қосылған. Ол қағазды төменгі ықшам ауданның халқы ғана алып үлгерген. Қалғандарына түбіртек енді ғана таратылады. Тосын жағдайға тап болғандар «МАЭК - Қазатомпром» серіктестігінің есептік- касса орталықтарында дауласып жүр. 

Любовь Моисеева, Ақтау қаласының тұрғыны:

Бұл не үшін? Қайдан келген сандар? Біз - зейнеткерміз, желдеткішті керек кезінде ғана қосамыз. Токтың ақысы көп тұтынатын судыкынен де асып кетті. Сонда зейнетақымызды қалай жеткіземіз, қалай өмір сүреміз?

Бар гәп - күннің күрт ысуынан. Шілде айында температура 50 градусқа көтерілгендіктен, тұрғындар токты бұрынғыдан 2 есе артық қолданса керек. «МАЭК - Қазатомпром» компаниясының мамандары жағдайды осылай түсіндірді. Оның үстіне адамдар есептегіштегі көрсеткішті дұрыс жаздырмайды, - дейді олар.

Қолғанат Нұржаубайұлы,  «МАЭК-Қазатомпром» ЖШС бас директорының кеңесшісі:

Өздерінің үйіндегі жеке есептеу құрылғының көрсеткішіне сәйкес орташа есеппен тәулігіне қанша электр энергиясын пайдаланғанын есептеп, оның жаңағы бірінші показания берген уақыты 10-на дейінгі, одан кейінгі 25-іне шейінгі 15 күн соған қарап есептеп қосып отырмыз. Егер тұрғын ол электрэнергиясын ол көлемде пайдаланбаған болса,  келесі айдағы өзінің электрсанаушының көрсеткішіне сәйкес онда қайта есептеу жүргізіліп, автоматты түрде программа оның ақшасы өзіне қайтарады.

Осылайша компания тұрғындарға электр қуатын есептегіштегі көрсеткішті әр айдың басында емес, 23-інен 25-іне дейінгі аралықта жаздыруға кеңес берді. Айтпақшы, Ақтауда тариф қазір 14 теңге 18 тиын. Тамыздан бастап ол 19 тиынға арзандамақ.