Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Вашингтонның кезекті санкциясының салқыны ресейлік "Аэрофлотқа" тиюі мүмкін.

AstanaTV
09.08.2018ж. 20:00
1930
Вашингтонның кезекті санкциясының салқыны ресейлік "Аэрофлотқа" тиюі мүмкін.

Вашингтонның «химиялық» деп атау беріп үлгерген кезекті санкциясынан Ресейдің «Аэрофлот» әуе компаниясы зардап шегетін түрі бар. Бұл ақпарат мемлекеттік департамент сайтында жарияланды. АҚШ-тың бұл жолғы желеуі «Скрипаль ісі» болып отыр. Шектеулерге байланысты Ресейге авиацияда қолданылатын электрондық құрылғыларды экспорттауға тиым салынбақ. Ал бұған жол бермес үшін Ресей химиялық қаруды пайдаланбау кепілдігін беріп, БҰҰ бақылаушыларына тексерулер жүргізуге рұқсат беруі керек. Бұл 3 ай ішінде жасалуы қажет. Дегенмен «Аэрофлот» өкілдері бұған қатысты жақ ашпай отыр. Ал ресейлік сарапшылар шектеулердің Солсбери оқиғасына ешқандай қатысы жоқ деп санайды.

Дмитрий Офицеров-Бельский, Ресейдің жоғары экономика мектебі ҰЗИ доценті:

Санкциялар Ресейге қатысты ұзақмерзімді АҚШ саясаты болып табылады, ол Ресейдің іс-әрекеттеріне тәуелді емес. Және біз АҚШ-тың алдағы жылдардағы санкциялардан бас тартуы туралы ойламауымыз керек. Жаңа шектеулерді енгізудің себептері әртүрлі болуы мүмкін.

Еске сала кетейік, Ұлыбританияның Солсбери қаласында Ресей Сыртқы барлау қызметінің экс-агенті Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипаль уланған еді. Лондон да бұған Мәскеуді айыптады. Екеуі де Ресейде өндірілген жүйке жүйені зақымдайтын «Новичок» затынан уланған. Бірақ Ұлыбритания бұған қатысты дәлел келтірмеді. Ал Мәскеу барлық айыптаулардан түбегейлі бас тартып отыр.