Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Алматы тұрғыны 13 жасар қызын аяусыз ұрғаны үшін күдікке ілінді

AstanaTV
09.08.2018ж. 20:00
2444
Алматы тұрғыны 13 жасар қызын аяусыз ұрғаны үшін күдікке ілінді

Алматыда қызын аяусыз ұрған әйел күдікті ретінде тергеліп жатыр. Мұны Ішкі істер департаменті хабарлады. Ал қоғам белсенділері баласын көгала қойдай сабаған әйелді аналық құқығынан айыруды сұрады. Мәселеге Олжас Нұржақып үңіліп көрді.

Чем она могла тебя так, я никогда не слышала. - Молотком, газовым ключом.

Жүрегі әбден шайылған жеткіншек өткен күндерді есіне алғысы келмейді. Тек әрбір болған сәт күнделігіне тізілген. Қазір сол күнделікті құзырлы орган тергеуіне алыпты. Алғаш қатты соққыны ол 2011 жылы алған. Бірақ ол кезде өз әжесі ұрды деген күдік болады. Ұзақ уақыт емханада ем алып, үйіне қайта оралғанында әлгі әрекетті туған анасы жалғастырған көрінеді.

Наталья Петрушина, өгей әжесі:

Құлағын тістеуікпен жұлып алған. Балғамен қолын, аяғын ұрған. Көшедегі біреу емес, өзінің туған анасы осылайша әлімжеттік көрсеткен. Не үшін? Себеп айтқанын дұрыс істемегені. Кішкентай балаларға қарамауы, тапсырмасының орындалмауы.

Көршілерінің айтуынша, қатыгез ананың Дианадан бөлек тағы екі қызы бар. Күнделікті ауладан көретін қыз баланы бірнеше күн байқамаған олар амалсыз дабыл қаға бастапты.

Елена Даубаева, көршісі:

Міне, мына тумбочкадан шыққан жеткіншектің жан дауысымен айғайлаған. Ауладағы келіншектер оны байқап қалыпты. Қолы сынған қыз күйініштен «бұлайша өмір сүргім келмейді» деп  балконнан секіруге әрекеттеніп тұрады. Олар бірден  «Диана, бұлай істеме» деп көмекке жүгірген.

Қоғам белсенділері болса, бұл әрекеттерден кейін кішкентай қызды өзге шаңыраққа беруге тырысқан. Бірақ іс әлі шешімін таппай отыр дейді.

Иохана Ақбергенова, «НЕ МОЛЧИ.KZ"  қоғамдық қорының өкілі:

Сот медициналық экспертиза жүргізіледі, ұрып-соғу фактісі тексеріледі де нәтижесінде кішкентай қызды қайтадан өз ата-анасына қайтарады. Мұны қалай түсінуге болады? Неге әлі дұрыс шешілмей жатыр? Бұл әрине, тікелей қамқорлық органының қателігі.

Ал ішкі істер департаментінің мамандары аталған іске байланысты Қылмыстық Кодекстің «абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіру» фактісімен іс қозғағандығын айтады.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД ресми өкілі:

Бір зерттеу кем дегенде 20 күннің ішінде жүзеге асады күрделілігіне байланысты. Сезікті ретінде оның анасы Анна Иванова тергелуде. Заң бойынша ата-ана құқығынан айыру тек соттың құзырындағы мәселе. Сондықтан полиция қызметкерлерінің тергеу барысында анықтаған мәліметке сай, сот соңғы шешімін шығаратын болады.

Салтанат Әзірбектің айтуынша, қазір кішкентай Диана жақсы адамдардың қарауында. Оның өмірі мен денсаулығына еш қауіп жоқ. Тіпті туған анасы қызын қарауына алған отбасының асырап алуға келісімін берген көрінеді.

Олжас НҰРЖАҚЫП