Негізгі / Жаңалықтар / Алдағы 2 жылда баспана бағасы 10 пайызға қымбаттайды - мамандар пікірі

Алдағы 2 жылда баспана бағасы 10 пайызға қымбаттайды - мамандар пікірі

Алдағы 2 жылда елдегі баспана бағасы 10 пайызға қымбаттайды. Мұндай пікірді арнамыздың тілшілеріне құрылыс корпорациясының даму жөніндегі директоры Вячеслав Лазарев мәлімдеді. Айтуынша, үйдің құны қазірдің өзінде 3-4 пайызға өскен. Бұған әсер еткен фактордың бірі - «7-20-25» бағдарламасы. Себебі жұрттың қызығушылығы жоғары. Алдағы бірнеше жылда жаңа көпқабатты тұрғын үйлер салынады. Ал сарапшылар бұл сұранысты арттырады деп отыр. Бұл өз кезегінде бағаның да қымбаттауына әкелмек.

Вячеслав Лазарев, құрылыс корпорациясының даму жөніндегі директоры:

Біз  үйдің құны 10 пайызға дейін көтеріледі деп болжаймыз. Ал тұрғындар бұның тиімділігін  бірте-бірте ғана түсініп жатыр. Банктер жұртқа ыңғайлы етіп барынша барлық мүмкіндіктерді жасауға кіріскен. Сондай-ақ бұған үй салушы құрылыс мердігерлері де белсенді түрде қызығушылық танытып отыр. Сондықтан 1,5-2 жылдың ішінде пәтер құны көтерілетін болады.

Алайда бұған қарама-қайшы пікір айтқан маман табылды. Астаналық жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры Ғалым Ысқақов «7-20-25» нарықтағы мүлік бағасына еш әсер етпейді, бұл маусымдық құбылыс деп отыр. Қазір елордада 10 тұрғын үй кешені бар болса, ондағы санаулы пәтерді ғана жаңа бағдарламамен рәсімдеуге болатынын айтады.

Ғалым Ысқақов,  жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры:

Дәл осы бағдарлама бойынша бізде нарық өте аз. Сондықтан бұл бағдарлама нарыққа еш әсер ете алмайды. Яғни екінші деңгейлі және жаңадан салынған үйлер бағасының қымбаттауына, не арзандауына түк әсер етпейді.