Шымкентте бүгін дүйім жұрттың жағасын ұстатқан аса ауыр қылмысқа қатысты сот отырысы басталды. 24 жастағы жігіт сәуір айында өз үйінде туғандарын пышақтап тастады деген күдікпен қамауға алынған болатын. Алайда сотталушы жігіттің туыстары тағылған айыптармен келіспейді. Әріптесім Айзада Төребекқызы тарқатады.
Айзада Төребекқызы, тілші:
Сот процесінде белгілі болғанындай, сотталушының өз туғандарын өлтіруіне ірі көлемдегі қарыз себеп. Прокурордың айтуынша, 24 жастағы жігіт құмар ойындарға әуес болған. Қылмыс болатын күні 70 жастағы атасы қызының үйіне қонаққа келген. Оңаша қалғанда марқұм немересін жанына шақырып, қарызын қайтаруды сұрапты. Алайда сөзге құлақ аспағандықтан, тәртіпке салмақ болып желкесінен түйіп қалған. Мұны көтере алмаған жігіт бірден ас бөлмеге кетіпті.
Ерлан Тоқсанбаев, мемлекеттік айыптаушы:
Тартпадан асхана пышағын алып шыққан Рахат Райымбек диванда жатқан Мүсірепов Тастемірдің ішіне пышақты сұғып алады. Мұнан соң да денесінің бірнеше жеріне сілтеген. Марқұм қорғанбақ болғанмен, асқан қатыгездікпен Райымбек пышақтауын тоқтатпады. Осы кезде ажыратпақ болып жеткен анасына да пышақ сілтеген. Жатын бөлмесіне қашқан оның соңынан қуалап кіріп, бірнеше жерінен сұққан. Рахат Райымбек екі бірдей адамды қасақана өлтіргені үшін айыпталып отыр.
Алайда айыпталушы қылмысын мойындамайтынын айтты. Оның өз туғандарын өлтірді дегенге туыстары да сенбей отыр.
Айыпталушының туысы:
Нағыз қылмыскерлер әлі сыртта жүр деп ойлаймыз. Өйткені ешқандай іс нақты дәлелденіп көрсетіліп жатқан жоқ. Следовательге жалпы өзі күдіктенетін адамдарды жазып берген. Ол күдіктілердің арасында даже тергеуге сұрақ жауап алынған ешкім жоқ ол жерде.
Бүгін алғашқы куәгерлер де тыңдалды. Алайда, жәбірленуші тарап та, сотталушы да түсірілім жасалуына қарсы болды. Еске салайық, қанды қылмыс 3-сәуір күні болған. 24 жастағы жігіт өзінің 45 жастағы анасы мен нағашы атасын пышақтап өлтірді деген күдікпен сол күні ұсталған еді.
Айзада Төребекқызы, тілші:
Айта кетейік, айыпталушы бұрын сотталмаған. Ол қанды қылмыс болатын күні үйленуге әзірленіп жүрген. Тіпті той күні де белгіленіп қойған екен. Енді қылмысы дәлелденсе, 8 жылдан 15 жылға дейін сотталуы мүмкін.
Айзада
ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ