Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Астаналықтар көмір сатып алуға асығар емес

AstanaTV
14.08.2018ж. 20:00
3179
Астаналықтар көмір сатып алуға асығар емес

Астаналықтар көмір сатып алуға асығар емес. Көмір тасымалдаушылар шілдеде жеткізілген қатты отынға сұраныс жоқ деп отыр. Қыстың қамы бүгін Үкіметте де сөз болды. Мамандар көмірді артығымен жеткізгендерін хабарлады. Осылайша өткен жылдағыдай дүрбелеңнің алдын алмақ.  Баға биыл да шарықтай ма? Жылу маусымына дайындық қалай? Ғалия Мұхамбетқызы тарқатады.

Астана әкімдігі өткен жылдан сабақ алса керек. Қажетті 400 мың тонна көмірдің 36 мыңын жеткізіп қойған. Одан бөлек қордағы 10 мың тонна қатты отын бар. Оны 7 бекеттен сатып алуға болады. Бірақ әкімдіктегілер халық қар жауғанда ғана қимылдайды дейді.

Мақсат Есмағұлов, Астана қаласы әкімдігі отын ресурстар бөлімінің басшысы:

Көмірдің бағасы шамамен 10-14 мың шамасында ауытқу жүргізіледі. Ол көмірдің маркасына, сортына байланысты. Астана қаласы әкімдігінің атынан көмір тапшылығын болдырмау мақсатында қазіргі кезде орталық 109 нөмірі жұмыс жасайды. Мобилді телефоннан соғуға болады. Осы нөмір арқылы қай жерде қандай көмір сатылатынын, қандай бағамен оның барлығын түгел білуге болады.

Ал былтыр 23 мың теңгеге көмір алған астаналықтардың әзірге қатты отынға қарайтын шамасы жоқ. 

Бекболат Орысxан, Астана қаласының тұрғыны:

Қазір біз не істейтімізді білмейміз. Қазір алдын ала көмір алғымыз келеді. Бірақ мектеп балаларының сабағы бар.Киім-кешек, дәптері бар. Біріне тартсаң біріне жетпейтін дүние. Ал құралдарды аламыз, көмірді аламыз ба, таңдаудың алдында тұрмыз. Сондықтан енді биыл көмірдің бағасына қатысты өткен жылғыдай Үкімет ағаттық жібермейді шара қолданады деген үміттеміз.  

Бірақ Үкіметтегі жиында тасымалдаушы бағаға ықпал ете алмайтындарын кесіп айтты.

Қайрат Сауырбаев, «ҚТЖ - Жүк тасымалы» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы:

Жылу беру маусымы алдында нарықта тағы да көмірдің бағасын қолдан өсіру байқалады. Бұл бірінші кезекте көмір өндірушілері мен тұтынушылары арасында бірқатар делдал ұйымдардың болуымен байланысты. Өкінішке қарай, біз олардың әрекетіне ықпал ете алмаймыз.

Ал былтыр қақаған қыста көмір бағасын қымбаттатқандар ісі әшкере болды. Қаражыра кен орнынан басқасы делдалдар. 50-ден аса көтерме-бөлшек саудамен айналысқан әкімшілік компания жауапкершілікке тартылды.

Мұрат Рақымжан, ҚР ҰЭМ ТМР, бәсекелестікті және тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы:

Әкімшілік айыппұлдың жалпы көлемі 300 млн теңгені құрады. Бүгінгі таңда оның 40 млн теңгесі төленді. Олар көмірдің бағасын бастапқы құнынан екі-үш есеге көтеріп жіберген. Биыл да біз жағдайды бақылап отырамыз.

Биыл 7 айдың ішінде теміржол тасымалымен 56 млн-нан аса тонна көмір жеткізілді. Оның 4,5 млн тоннасы тұтынушылар үшін дайын тұр. Бұл көлем былтырғыдан 10 пайызға көп.

Ғалия Мұхамбетқызы, тілші:

Өткен жылы қазан айында еліміздің көмір сату орындарында ұзын-сонар кезек болып, бір күрегіне жете алмай қалған кездер болған. Өздеріңіз көріп отырғаныңыздай, қазір сатушыдан басқа ешкім жоқ. Былтырғыдай дүрбелең туындамас үшін салаға қатысты ведомство өкілдері ерте қамдаған секілді.Қазірдің өзінде 60 мың тоннаға жуық көмір жеткізілген.Бұл өткен жылмен салыстырғанда 42 пайызға артық.Тек халық ерте қамданса болды.  

Ғалия МҰХАМБЕТҚЫЗЫ, Астана телеарнасы