Алматыдағы «ЕС 164/4» түзету мекемесіндегі жазасын өтеушілер дабыл қақты. Олар түрме қызметкерлері себепсіз ұрып соғады айыптап отыр. Азапқа шыдай алмаған сотталушылар қорғаушыларға бір жарым айдың ішінде 200-ден аса шағым түсірген. Тілшіміз Олжас Нұржақып қоғамдық қорғаушылармен бірге жазасын өтеушілер жанайқайын тыңдап келді.
Сотталушылардың бір тобын темір тордың ар жағында қоғамдық жұмысқа жегілген жерінен жолықтырдық. Әділеттің түзету мекемесінде жазасын өтеп жүргеніне жарты жыл болған. Ұрлық үшін бостандығынан айырылған ол, мекемеден тыныштық кеткеніне бір айдан асты деп отыр. Қызметкерлер соққының астына алып, балағат сөздермен шамына тисе керек.
Әділет Аликбаев, «ЕС 164/4» түзету мекемесінің жазасын өтеушісі:
Жағамнан ұстады да, басымен 2-3 мәрте ұрды. Жағдай тура жанымда өзге жазасын өтеушілер тұрғанда болды. Артынша жоғарғы жаққа арыз жаздым. Бірақ үнсіздік. Мұндағылар есірткі немесе сим-карта қалтаңа салып жібереміз де, жазаңды одан әрі қатаңдатамыз деп қорқытып жүр.
Айдар Құлқанбаев, «ЕС 164/4» түзету мекемесінің жазасын өтеушісі:
Местный УБН-шиктерді шақырамын, қалтаңызға наркотик саламыз да, қайтадан зонаға жіберемін упаковать етіп дейді де маған. Жаңағы сол начальник режим части айтады.
Ұрып соғу бір басқа, жазасын өтеушілер жеке заттары мен ақшалары ұрлана бастағанын да айтады.
Мөлдір Әлібекова, жазасын өтеуші:
Осындай болып тұрады. Бұл часто болып тұрады. Постоянно біз жоқ кезде обыск жүреді. Личный заттарымыз жоғалады. Шешілмейді ештеңе. Уже шаршап кеттік.
Осылайша қорғаушыларына жағдайды айтуға шыққан оларды қызметкерлер көп тұрғызбады. Қуалап кіргізіп, қақпаны тарс жапты.
Константин Гудаукас, қоғамдық қорғаушы:
Бүгінде, өкінішке орай, арызданушылар саны өсіп барады. Ал біз келген түзету мекемесі сол азаптаудың нағыз ордасы десек болады. Өйткені мұнда жазасын өтеушілердің құқығы қатты бұзылып отыр. Қысым көрсетіледі, ұрады, ұрлайды.
Ал түзету мекемесінің басшысы орнында болмай шықты. Сондықтан облыстық қылмыстық атқару жүйесінен жауап алуға тура келді.
Бақытжан Садыбаев, Алматы облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшысы:
Қазіргі таңда кімнің кінәлі екендігін анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Әрине, аталған жайттан хабардармыз. Қызметтік тексеру жұмыстары да қолға алынған. Бірақ нәтижесі белгілі болғаннан кейін қатаң түрде әрекетке кірісетін боламыз.
Қазіргі таңда қорғаушылар жазасын өтеушілердің мәселесін жіті бақылауына алған. Себебі Константин Гудаукастың сөзінше, соңғы бір жарым айдың ішінде дәл осы түзету мекемесінің өзінен екі жүз елуге жуық шағым түсіпті.
Олжас НҰРЖАҚЫП