Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Білім және ғылым министрлігі грантсыз қалған спортшыларға көмектесе алмайды

AstanaTV
14.08.2018ж. 20:00
2672
Білім және ғылым министрлігі грантсыз қалған спортшыларға көмектесе алмайды

Спортшылардың Туризм және спорт академиясының грантын иемдене алмауына оқу орны кінәлі ме? Үкімет қабырғасында сұхбат берген Білім және ғылым вице-министрі "шығармашылық емтихан кезінде талапкерлер бірдей бағаланған" деді. Бұған дейін осы оқу орнына құжат тапсырған, спортта қандай да бір жетістігі бар талапкерлер грантқа іліге алмағандарын айтып шағымданды. Олар "спортта емес, оқуда озаттар тегін оқуға түсті" деген еді. Бұған дейін "алтын белгі", тағы да басқа жетістіктері бар түлектер автоматты түрде грант иегері атанып келді. Ал жаңа білім заңына сай биылдан бастап грантты бөлу кезіндегі басымдық тек ұпайы бірдей болғанда ғана ескеріледі. Яғни екі түлек 115 балл алса, грант жетістігі бар талапкерге бұйырады. Заңдағы өзгеріс барлық оқу орнына ортақ болғанымен, мәселе Туризм және спорт академиясында туындап отыр. Сондықтан министрлік бақылау жүргізілмек. Бірақ Білім және ғылым вице-министрі жағдайды өзгерте алмаймыз деп отыр.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары:

Шығармашылық емтиханды оқу орны өздері өткізеді. Ол кезде барлық түлектерге жоғары балл қойылады. Бұл жағдайда оқу орны саралап қарауы керек болатын. Мысалы, аудандық спартакиада жүлдегері болса, басқа баға қоюға болушы еді. Бірақ баға барлығына бірдей қойылады. Қабылдау қорытындысына қарай бақылау жүргізіп, қабылдау комиссиясының қаншалықты дұрыс жұмыс істегенін қарайтын боламыз.