Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Қызылордада «Бәйтерек» жаңа мөлтек ауданы талан-таражға түсіп жатыр

AstanaTV
14.08.2018ж. 20:00
7480
Қызылордада «Бәйтерек» жаңа мөлтек ауданы талан-таражға түсіп жатыр

Ал Қызылордада, керісінше, тұрғындар мемлекет халық игілігі үшін салып берген инфрақұрлымды қиратып, әкетіп жатыр. Әккілер су жаңа «Байтерек» мөлтек ауданын тонауды тоқтатар емес. Кәріз қақпақтары, электр сымдары және басқа да заттар қолды болып жатыр. 2016 жылы алты мыңнан астам қызылордалыққа «Бәйтеректен» 10 сотықтан жер берілген еді. «Қызылорда-Жезқазған» тас жол бойындағы 980 гектар жерге инфрақұрлым жүргізу үшін республикалық бюджеттен 10 миллиард теңге жұмсалған. Тұрғындар алған жерлерін игеруге асықпай отыр. Екі жылдан бері мұнда бар болғаны үш жүз үй бой көтерсе, соның 62-інде  ғана халық тұрып жатыр. Халық аз қоныстанғандығы ұрлықтың үдеуіне сеп болып тұр. 

Ғалымжан Жанәділов, Қызылорда қалалық құрылыс бөлімінің бас маманы:

Мердігер мекемелер тарапынан және қалалық ішкі істер бөлімі тарапынан күзетілді. Соған қарамастан аталған тұрғын ауданда халықтын толық қоныстанбауына байланысты ұрлық фактілері орын алды. Ауыз су құбырлары, кәріз су құбырларының қақпақтары, есептегіш құрылғылары, кабельдер ұрланып, тергеу амалдары жүргізіліп, үш күдіктіні қолға түсірді. Қырық миллионнан астам шығын келтіріліп тұр.

Құзырлы мекеме жер иелеріне ескерту жасады. Бәйтеректіктер бір жылдың ішінде баспаналарын салуға кіріспесе, жер учаскелері мемлекет қорына қайтарылады.