Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Оңтүстік өңірлерден Павлодарға көшіп келген қауым баспана ала алмай, қиналып жүр

AstanaTV
14.08.2018ж. 20:00
3121
Оңтүстік өңірлерден Павлодарға көшіп келген қауым баспана ала алмай, қиналып жүр

Оңтүстік өңірден мемлекеттік бағдарлама бойынша Павлодарға көшіп келген қауым баспана ала алмай, қиналып жүр. Себебі мемлекет бөлген қаражат баспана сатып алуға жетпейді. Сондықтан көбі үйді жалдап тұруға мәжбүр. 

Жадыра Молдиева былтыр Шымкенттен көшіп келген. Көп балалы отбасы бірден Павлодар ауданына тұрақтайды. Себебі облыс орталығына жақын әрі жұмыс та бар. Жолдасы екеуі жергілікті шаруа қожалылығында еңбек етеді, ұл-қыздары мектепке қабылданған. Бірақ негізгі проблема - баспана мәселесі шешілмей отыр.

Жадыра Молдиева, қоныс аударушы:

Пәтерақыға берген ақша жетпейді, пәтер сатып алуға, үй сатып алуға. Енді өз баспанаңа жетпейді ғой. Мұнда толық жағдай бар. Барлық жағдай жасалған. Сонда да бізге баспанаға жететіндей мүмкіндік болса мемлекет тарапынан. 

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Қалаға жақын болғандықтан, бұл жақтағы баспана бағасы да қымбат. Тіпті, жалдаудың құны айына 30-40 мың теңгеден түспейді. Бағдарлама аясында бір жылға дейінгі пәтерақы мемлекет есебінен өтеледі. Бірақ белгіленген мерзім аяқталған соң, бар шығынды қоныстанушылар өздері көтеруі тиіс.

Жадыраның ағасы Ұлан Молдиев те осы жақты таңдапты. Қызықтырғаны, өңірдің құнарлы топырағы,-дейді. Бірден 20 гектар жер алып, шағын кәсібін бастаған. Бүгінде картоп, қияр, қызанақ өсіреді. Күзгі жиын-терімін жергілікті нарыққа ғана емес, оңтүстікке де апарып сатуды жоспарлап отыр. Ісін кеңейткісі келеді. Бірақ баспана мәселесі кәсібін дамытуға қолбаулау болып тұр.

Ұлан Молдиев, қоныс аударушы:

Жеңілдетілген несие деген бар. Ең бастысы бізге керек болып тұрғаны сол. Оның біздің қолымыз жетпей тұр оған. Жетпеу себебі кепіл керек. Оған бізде кепіл қайдан болсын?! Кепілдік жоқтықтан несиені ала алмай отырмыз қазір.

Арнайы бағдарлама бойынша қоныс аударғандардың жағдайынан жергілікті билік хабардар. Мүмкіндігінше жұмыспен қамтып, қажет болса, қайта оқытып жатыр. Бірақ мемлекеттік бағдарлама талабын өзгерте алмаймыз дейді. Яғни баспанаға берілетін соманы көбейту мүмкін емес.

Қазбек Жетпісов, Павлодар облысы Павлодар аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры:

Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, қоныс аударушыға бір жылға дейін пәтер жалдауға немесе ол бірден үй әлде пәтер сатып алғысы келсе, ақша бөлінеді. Бүгінде бұл бір отбасыға шамамен 600 мың теңгенің маңайында. Бірақ дәл осы сомаға біздің ауданнан үй сатып алу мүмкін емес. Біздегі баспана бағасы әлдеқайда қымбат.

Павлодар ауданында тұрғын-үй бағасы шамамен 2,5-3 млн теңгеАл мемлекет бөлетін қаржы бұдан 3-4 есе аз. Сондықтан Молдиевтердың екі таңдауы ғана бар. Не шалғай ауылдарға көшіп, баспана сатып алу не жұмысшыға сұраныс көп қала маңында пәтер жалдап тұру.

Әсемгүл Мұхитқызы