Өскемен әкімі өз еркімен қызметінен кетті. Қуат Тумабаев жоғары лауазымнан босату жайлы өтінішті үш күн бұрын жазғаны белгілі болды. Дәл сол күні облыс әкімі Даниял Ахметов облыстық жиында қаланың экс-әкімнің «жоғары лаузымда отыруға моральдық құқы жоқ» деген. Әрі оған өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазуды ұсынғанын да ашық айтқан еді.
Еске сала кетейік, Қуат Тумабаевтің жұмыстан кетуіне 15 сәуірде Риддерде болған жол апаты себеп. Ол мас күйінде көлік жүрзігіп, адам соғып кеткен Риддер әкімі орынбасарының көлігінде болған. Жол апатынан Риддердің 19 жасар тұрғыны Евгений Смольников қаза тапқан еді. Ал, көлікті басқарған Бауыржан Құрманбаев бір жылға сотталды. Апат себебін жасырмақ болған екі полицей жауапқа тартылған. Риддер қаласының бас полицейі қызметіне сай емес деген ескерту алған. Аудандық ішкі істер бөлімі басшысының орынбасары мен қалалық криминалды полиция бөлімінің басшысы қызметтен қуылған. Енді міне қоғамдық қысымға қарамастан, бес ай қызметінде отырған Өскемен әкімі де қызметінен айырылды.