Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Астанада кәріз жүйелеріне жауапты мекеме құру керек - Әсет Исекешев

AstanaTV
22.08.2018ж. 20:00
3117
Астанада кәріз жүйелеріне жауапты мекеме құру керек - Әсет Исекешев

Астана суға "жүзіп" кетпес үшін арнайы мекеме құру қажет. Мәселені 2 жылдан бері шеше алмай келген қала әкімі Үкіметте осындай ұсыныс айтты. Ал сала мамандары су алатын көшелерге жерасты сұйық қоймасын салу қажет деп отыр. Толассыз жаңбыр жауса, көшелері көлге айналатын Астана проблемасы қашан шешіледі? Тілші материалында. 

Әкімнің енді жүзбейміз дегеніне екі жылдан асса да, Астанада нөсерлі жауын жауған сайын осы көрініс қайталана береді. Биыл қайықпен қатынаған былай тұрсын, көліктегі көлкіген судан автобустағы адамдар әбігерге түсті.

Бұған бір жарым тәуліктің ішінде айлық нормадан артық түскен жауын себеп болса керек. Ауа-райына алдын ала болжам жасай алмаса да, әкімдіктегілер қаладағы су алатын жерлерді жатқа біледі.

Қосман Айтмұхаметов, Астана қаласы әкімінің орынбасары:

Су басатын барлық участоктерді біз білеміз. 20 минут тоқтамай жаңбыр жауған кезде, мына жер суға толып қалды. Қазір қосымша жылжымалы 2, қуаты жоғары 6 сорғы суды тартып алып жатыр.

Сенат төрағасы бұдан астаналықтар ғана емес, Астананың халықаралық беделі де зардап шегетінін твиттерде жазды. Сенаторлар жедел шешім қабылдауды талап етпек. Бұл тақырып бүгін Үкіметте де сөз болды. Премьер-министр 20 жыл атүсті қарап келген мәселені шешуді тапсырды.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Өте қиын көшелерде алдын-ала жұмыстарды атқарып, тазалап қою қажет. Жұртшылықтың да, осы қала тұрғындарының да айтып отырған мәселесі осы. Канализацияларды да, су жиналатын құдықтарды да дер кезінде тазалауды бақылауға алып, әр жауын жауған сайын су астында қалатын аумақтарда енді мұндай жағдайды болдырмау үшін кешенді іс-шараларды дайындау керек. 

Әзірге арықтарды тазалаудан басқа амал жоқ. Өйткені қаладағы кәріздер мен су тарту жүйесі бойынша 3 жылдық бағдарламаның жұмысы аяқталған жоқ. Қондырғыларды орнатуда қиын участкелер де жетерлік. Осылай деген Әсет Исекешев одан бұрын арнайы мекеме құруды ұсынды.

Әсет Исекешев, Астана қаласының әкімі:

Қазір табиғи монополиялар туралы заңда суағарлар қызметі реттелмеген. Біз "Астана Тазалық" базасында су ағатын кәріз жүйесін бақылауда ұстап отыратын арнайы кәсіпорын құруды жоспарлап отырмыз. Министрлікке тапсырма берсеңіз және "Астана Тазалықты" жекешелендіру бағдарламасынан алып тастауды сұраймыз. 

Саланың ардагері Жаңбыршы Нұркенов әкім айтып отырған Мәскеу мамандарының тәжірбиесін жүзеге асыратын уақыт әлдеқашан келген дейді. Одан бұрын жаңбыр сулары жиналатын жерасты қоймаларын салу керек дейді.

Жаңбыршы Нұркенов, ҚР Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы ұлттық палатасының төрағасы:

Салынған насос станцияларының көбі жұмыс істемей тұр. Жұмыс істесе де, тұрған насостарының қуаттары әлсіз. Олардың қуаттарын арттыру керек. Басқа үлкен насос қою керек. Сосын мынау аласа жерлерде жердің астынан Бауыржан Момышұлы, Иманов, Жангелдин көшесі болсын, соларда жаңадан жердің астынан резервуар салу керек. Бассейн, водохранилище сияқты. Жастар ауданында болған, қазір де бар.

Әзірге Астана су астанда қала бермек. Өйткені Қазгидромет мамандары жұмадан бастап толассыз жаңбыр жауатынын хабарлады. 

Ғалия МҰХАМБЕТҚЫЗЫ, Астана телеарнасы