Шығыс Қазақстандағы жылу маусымына 3 миллион тоннадай көмір қажет. Бүгін аймаққа оның 50 пайызы ғана жеткізілген. Облыстық әімдік өкілдері "Қаражырадан" ай сайын 280 мың тонна қатты отын тасымалданып келгенін айтты. Дегенмен теміржол бұрыштарында көмір алушылар кезегі көп. Мамандар оны маусымдық сұраныспен және алыпсатарлардың "көмір қымбаттайды" деген алып-қашпа әңгімесінен деп отыр. Оған басқа да себеп бар көрінеді.
Мұрат Мұсатаев, ШҚО ТҮКШ және энергетика басқармасының жетекшісі:
Күн сайын облысқа 50 вагон көмір қажет. Оның 30 вагоны Өскеменге керек. Ал бүгінде тек 25-26 вагон ғана келіп отыр. Мұның өзі проблема тудырып отыр. Біз қазір "КТЖ-ның" облыстық басшылығымен және "Қаражыра" жетекшілерімен бірлесіп, жиын өткізіп, қадамдарымызды айқындадық. Мәселе жақын арада шешіледі деп сенемін.
Ал басқарма мамандары жылу маусымында көмір бағасы нақты болатынын айтты. "Қаражыра" отынының тоннасы 6 200 теңге болмақ. Көмір кен орнынан қашықтаған сайын қымбаттай түседі. Мысалы, Өскеменде ол 8 800 теңге. Ал үржарлықтарға ол 17 мың теңгеге жеткізілмек. Ал Семейдің энергокомпанияларына бұл маусымда республикалық бюджеттен демеуқаржы бөлінбейтін көрінеді. Қажетті қаржы қалалық және облыстық қазынадан аударылған.
Мұрат Мұсатаев, ШҚО ТҮКШ және энергетика басқармасының жетекшісі:
Өскемен үшін Қаражырада да тариф пен бағаның өсуі болмайды. Тек осыны пайдаланған алыпсатарлық болуы мүмкін. Ол үшін біз облыстық табиғи монополияларды реттеу өкілдерімен бірлесіп, арнайы топ құрып, аудандар мен қалалардағы бағаның түзілуіне анализ жасадық.