Теміртауда 2 жасар бүлдіршінді тұншықтырған тәрбиешінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Әлеуметтік желіде лезде тарап кеткен жантүршігерлік видеоға қатысты бүгін бірқатар тың деректер белгілі болды. Жекеменшік бала-бақшадағы оқиға мамыр айында болған. Қорқынышты көріністі төрт ай бойы телефонында сақтап келген автор бақша директорын бопсалаған көрінеді. Оқиғаға қатысы бар екі безбүйрек балабақшадан қуылды. Айжан Қуаш тарқатады.
2 жасар бүлдіршінді балабақша тәрбиешісі түскі ұйқы кезінде көрпемен тұншықтырып жатыр. Бұл кеше ғана әлеуметтік желіде құпия автор жариялаған бейнежазба.
Тынысы тарылып, қиналған баланы осылай тыныштанды. Тәрбиешінің алдында қамқорсыз сәбидің өз немересі Нана екенін Людмила Мантлер бірден білген. Білген кезде қатты шошыған.
Людмила Мантлер, Нананың әжесі:
Әлем төңкеріліп түскен сияқты. Баланы мұндай тәсілмен тәрбиелеуге бола ма? Бұл адам өлтіруге әрекеттенумен тең. Қорғансыз бүлдіршін таяқ жегенін айта алмайды ғой. Ол кезде 2-ге де толмаған еді. Немеремді тұншықтырған тәрбиешіні де, оны түсіріп қарап тұрған адамды да жазалау керек.
Айжан Қуаш, тілші:
«Жан түршігерлік оқиға мына үйдің бірінші қабатындағы жекеменшік балабақшада болған. Мекеме мемлекеттік тапсырыс алмағандықтан, өз бетінші жұмыс істейді. Ондағы тәрбиешілер мен бала күтушілердің білімі мен біліктілігін тиісті мекемелер қадағаламайды. Сондықтан жабық пәтерде не болып жатқанын ешкім білмейді».
Есентай Әшім, Теміртау қалалық білім бөлімінің бастығы:
«Балабақшалар біздің елімізде жекеменшік болған соң, лицензиясыз қызмет ете алады. Балабақшаға біз тексеру жұмыстарын жүргізе алмаймыз. Бұл балабақшаларға тексеріспен шығу үшін, бізге құқық қорғау органдарының рұқсаты керек, солармен бірге шығамыз».
Полиция оқиғаның расында да Теміртау қаласындағы "Домик" балабақшасында болғанын анықтады. 50 жастағы Үміт есімді тәрбиешінің үстінен ҚР ҚК- нің 140-ыншы, яғни « кәмелеттік толмағандарды тәрбиелеуде өз міндеттерін орындамау және қатыгездік таныту» бабымен іс қозғалды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Бақытжан Құдияров, Қарағанды облыстық ІІД баспасөз хатшысы:
«Жауап алу барысында шынымен де баланы ұйықтата алмаған. Бала төсекке секіріп, тәрбиешіге бой бермегендіктен, көрпемен бүркеп, тұншықтырғаны туралы мойындау көрсетпелерін берді. Тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізілуде».
Тергеу барысында бейнежазбаны тәрбиешінің әріптесі - бала күтушісі түсіргені анықталды. Тіпті 3 ай бойы жазбаны телефонында сақтап, балабақша директорын бопсалап келген екен. Бұл туралы бүгін директордың өзі мәлімдеді.
Кристина
Такирова, Теміртау қаласындағы «Домик» балабақшасының
директоры:
Үміт өзін түсіріп тұрғанын білген. Бала күтушісі міз
бақпастан бейнежазбаны өзінде сақтады. 2 ай бұрын маған біреу телефон шалып,
біздің балабақшаңызды әшкерелеймін, кездесейік деді. Мен қайда барсаңыз онда
барыңыз, мен бопсалаушының алдауына түспеймін дедім. Енді бала күтушісінің де
іске қатысы бары анық. Мүмкін, олар өзара келіскен болар.
Алайда
бейнежазбаның авторы - бала күтушісіне қатысты іс қозғалған жоқ. Ол
әзірге куәгер ретінде сұралып жатыр. Кінәсі қылмыстық іс аясында анықталады. Ол
тәрбиешімен бірге жұмыстан шығарылған. Ал балабақша жұмыс істеп тұр. Қазір ол
жерде 50 бала тәрбиеленеді.
Айжан ҚУАШ