Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Павлодарда жылу құбырында болған апат салдарынан 120-дан астам тұрғын үй жылы сусыз қалды

AstanaTV
28.08.2018ж. 20:00
3653
Павлодарда жылу құбырында болған апат салдарынан 120-дан астам тұрғын үй жылы сусыз қалды

Жылу құбыры жырылып, Павлодарда 120-дан астам көп қабатты үй ыстық сусыз қалды. Қазірде апатты құбырды қалыпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ыстық судан опырылған асфальттен 5 көлік бүлінді. Жауапты компания шығын көлемін есептеуге кіріскен. Айдың күннің аманында көлігі талқан болған тұрғындарға шығын өтеле ме ? Мән-жайды Әсемгүл Мұхитқызы біліп қайтты.

Тап осы уақытта емханаға келген Ержан Жүсіповтың жолы болмады. Дәрігердің қабылдауынан шыққан бойда, жігіт ағасының жүрегі ұстап қала жаздаған. Темір тұлпарының сау-тамтығы жоқ. Қатты ағыстан  опырылып кеткен  асфальттің бір кесегі көліктің терезесін сындырып, есігін қиратқан.

Ержан Жүсіпов, көлік жүргізушісі:

Бірдеңе дүңк ете түсті. Енді қайтіп келсем, мына жерден су соғып жатыр. Машина үстінде мынандай асфальт жатыр.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Апат болған аумақта қалпына келтіру шаралары басталған. Байқап отырғанымыздай, бұл жерде жұмыс қарқын алған. Бәрі ойдағыдай болса, мамандар шаруаны қысқа мерзімде аяқтаймыз деп отыр.

Ал Ломов көшесіндегі мына бес қабатты үй тұрғындары апаттан кейін ыстық сусыз қалды. Онсыз да бір ай бойы суық суға қарап қалған. Енді өткен жұмада берілген жылы су қайта тоқтап қалды.

Лариса Эрнст, Павлодар қаласының тұрғыны:

Кешегі апаттан соң жылы сусыз қалдық. Күтіп отырмыз. Шенділер теледидардан 24 сағаттың ішінде береміз деп жатыр. Жөндеу жұмыстары жүріп жатқан болар. Су әлі берілген жоқ. Сусыз қиын. Сондықтан мәселені тезірек шешсе дейміз.

Белгілі болғандай, апат салдарынан қалада 123 тұрғын үй жылы сусыз отыр. Жарылған құбырды ауыстыру жұмыстары аяқталған. Қазір жылу желісіне су жіберіліп жатыр.  Төтенше оқиға кезінде жол жиегінде тұрған 5 көлік зақымданған.

Индира Лятина, «Павлодарэнерго» АҚ баспасөз қызметінің өкілі:

Апат кезінде зардап шеккен көлік иелеріне «Жылу желісі» компаниясы кеткен шығынды өтеп береді. Біз қызмет көрсету станцияларының актісін тексеріп, шот бойынша жөндеуге кеткен ақшаны төлейміз.

Технологиялық апаттан келген жалпы шығын есептелуде. «Павлодар жылу желісі» кәсіпорны бүлінген асфальтті де қалыпқа келтірмек. Компания  облыс орталығындағы құбыр жүйесінің 75 пайызы әбден тозған дейді. 

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ