Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Ақтөбеде жол ақысы 80 теңгеге көтерілді

AstanaTV
28.08.2018ж. 20:00
2759
Ақтөбеде жол ақысы 80 теңгеге көтерілді

Ақтөбеде жол ақысы 80 теңгеге дейін қымбаттады. Бүгін қалалық мәслихат депутаттары осындай шешім қабылдады. Бұрын-соңды билет құны 55 теңге болатын. Енді жаңа тариф бойынша екінші, үшінші топ мүгедектеріне, зейнеткерлер, Ауған соғысы және Чернобыль ардагерлері алпыс теңгемен жүріп-тұрады. Ал 7-15 жас аралығындағы оқушылар елу пайыздық жеңілдікпен 40 теңге төлейді. Депутаттар Ауған соғысы мен Чернобыль апаты ардагерлеріне жолақының тегін болуын ұсынған.  Бірақ мұндай жеңілдіктер тек электрондық билет жүйесі енгізілгеннен соң ғана қарастырылмақ.

Ілияс Испанов, Ақтөбе қаласының әкімі:

Электрондық билет енгізілгеннен кейін қазіргі уақытта сіздерге 60 теңге бекітті. Сол кезде біз бюджеттен мүмкіндік табуымыз керек. Сол категорияда қанша адам пайдаланғанын ғана біз төлеп беру керекпіз. Автобуспен жүретін және жүрмейтін адамға төлеуге бюджет қаржысы жетпейді.

Жаңа тарифтің қашан қолданысқа енгізілетіні әлі белгісіз. Бірақ  қоғамдық тасымалмен айналысатын қос мекеме жуырда автобустарда қызмет көрсету сапасын көтеріп, барлығын GPS навигаторлармен жабдықтауы тиіс. Сондай-ақ келесі жылы қаңтарға дейін қоғамдық көлікте электронды билет жүйесін енгізу талап етілді. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «Автопарк» және «Жолаушылар автокөлік кәсіпорны» жолақсысын 212 теңгеге дейін көтеруді сұраған. Билеттің бақандай төрт есеге қымбаттайтынын естіген тұрғындар қарсы шығып, қоғамдық тыңдауларда қызу талқыға түскен.