Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

"Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг" шетелдік мердігерлерді отандық қондырғылар мен материалдарды сатып алуға міндеттей бастайды

AstanaTV
07.09.2018ж. 20:00
3161
"Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг" шетелдік мердігерлерді отандық қондырғылар мен материалдарды сатып алуға міндеттей бастайды

"Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг" шетелдік мердігерлерді отандық қондырғылар мен материалдарды сатып алуға міндеттей бастайды. Кенішті игеруге жергілікті бизнесті тарту мәселелері бүгін Астанада өткен форумда сөз болды. Онда жобалау, сатып алу мен құрылыс саласында қызмет көрсететін 130-дай отандық және халықаралық компания  бірлесе жұмыс істеуге келісті.

Қарашығанақ мұнай-газ кенішін кеңейтудің бірінші кезеңі де аяқталуға жақын. Компания осы жобада қазақстандық үлесті барынша арттыруға міндеттелді. Ол үшін отандық өнімдер халықаралық стандарттарға барынша сай болуы керек. Форумда жеткізушілер инвесторлардың тендерлік талаптарымен танысып, жоспарларынан хабардар болды.

Марат Кәрімов, ҚПО компаниясы директорының орынбасары:

Жұмыс жасау және қызмет көрсету  салаларында қазақстандық қамту деңгейі 70 процентке жетіп отыр. Егер 3-4 жыл бұрын біз Қазақстанда жасалатын тауарлардың ішінен дизель, бензин, иә болмаса құрылыс материалдарын алатын болсақ, қазір жоғарғы технологиялық  материалдарды, тауарларды алып отырмыз. Осы жұмыс өзінің жалғасын табатын болады.

Бүгінде жобаға қатысу үшін шетелдік және жергілікті кәсіпорындарға бірлесе жұмыс істеуге талап қойылады. Осылайша, шетелдік мердігерлер қазақстандық қондырғылар мен материалдарды сатып алуға міндеттеледі. Жуық арада тауар мен қызмет жеткізушілерге біліктілігін шыңдауға тура келеді. Бұл сырттан инвестиция тартып, жаңа технологияларға жол ашады.

Мұрат Журибеков, «PCA» ЖШС бас директоры:

Бүгінгі таңда Қарашығанақ жобасы Қазақстан мұнай-газ индустриясының ішінде үлгілі жоба болып табылады. Осы 20 жылдың ішінде КПО-нің Қазақстанның үлесін өсіру үшін істеген жұмыстары  өте зор. Алда келе жатқан кеңейту жобасы біздің табыстарымызды көбейтеді.

Соңғы жарты жылда қазақстандық кәсіпорындар Қарашығанаққа 200 миллион АҚШ доллары көлемінде өнімдер жеткізіп, қызмет көрсеткен. Тұтастай алғанда жобадағы жергілікті үлес 56 пайыздан асты.