Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Қырғызстанның Шолпан-ата қаласында Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы ұйымының 6-шы саммиті өтті

AstanaTV
03.09.2018ж. 20:00
4922
Қырғызстанның Шолпан-ата қаласында Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы ұйымының 6-шы саммиті өтті

Түркі тілдес елдер арасында алыс-берісті жеңілдетіп, халықаралық қауіпсіздікке назар аудару қажет. Дәл осы бастамаларды бүгінгі қырғыз елінде өткен түркі тілдес елдер саммитінде Қазақстан Президенті көтерді. Шолпан-Атада осымен 6-шы рет өтіп жатқан жиынға кеңес мүшелері ретінде Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған, Әзербайжан президенті Илхам Әлиев, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Қырғызстан президенті Сооробай Жээнбеков қатысқан болатын. Сондай ақ, биылғы саммитке бақылаушы ретінде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев пен Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан да арнайы келген. Саммитте сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев бауырлас елдер арасындағы тарифтік саясатты жеңілдетіп, сауда-экономикалық қарым-қатынасты жақсартуды ұсынды. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз бір белдеу бойындағы алтын арқаулы елдерміз. Бұл үлкен артықшылық. Жақында Ақтау қаласында қабылданған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция  өңірдің транзиттік әлуетіне серпін берері анық. Осы саладағы іс-қимылдарды үйлестіру көлік транзиттік жобалар тиімділігін еселеуге мүмкіндік берер еді.

Бұл бастама әсіресе қазіргідей ушығып тұрған халықаралық ахуал кезінде маңызды. Әйтпесе көптеген елдердің экономикасы санкциядан тұралап қалуы мүмкін.  Ал халықаралық қауіпсіздік әркез күн тәртібінде.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қауіпсіздік саласындағы қатер де күшеюде. Олар терроризм, діни экстремизм, ұйымдасықан қылмыс, заңсыз миграция және есірткі тасымалы. Аталған сын-тегеуріндер де Түркі дүниесіне де әсер етпей қоймайды. Сондықтан мұның бәрі біздің кешенді іс-әрекеттерді қолға алуымызды талап етеді.