Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Ақтау кентінің тұрғындары қыста жылусыз қалуы мүмкін

AstanaTV
04.09.2018ж. 20:00
3205
Ақтау кентінің тұрғындары қыста жылусыз қалуы мүмкін

Қарағанды облысында Ақтау кентінің тұрғындары қыста жылусыз қалуы мүмкін. Елді мекенде жергілікті кәсіпорынның қомақты қаржысына қойылған жап-жаңа қазандықтар істен шыға бастаған. Жылыту қондырғыларын орнатқан мердігер компания болса, өз кемшіліктерін жөндеуге асықпай отыр. Тұрғындар бастапқыдан-ақ толық істелмеген жұмысты қабылдаған әкімдікті айыптайды. Ал қазандықтарды қалпына келтіруді қарапайым халықтың қалтасы көтермей отыр. Мәселенің мән- жайын тілшіміз Айжан Қуаш біліп қайтты.

Мына қазандықты «Профил М» деп аталатын компания 2 жыл бұрын бақандай 9 млн теңгеге орнатқан. Алайда қоя салысымен, түтігі қисайып, ақыры құлап қалған. Пештің ішкі құрылымы бірнеше ай өтпей жатып сынды. Жылыту қондырғысын орнатқан мердігер болса, өз кемшіліктерін жөндеместен, ақшаны қалтаға басып, тайып тұрған.

Алена Пеннер, Қарағанды облысы Ақтау кентінің Карл Маркс көшесіндегі №1,2 үй комитетінің төрайымы:

Компания қазандықтың генераторын да бермеді, жұмысы сапасыз болды. Генераторды сұрап жүріп әрең алдық. Мен жұмысты бастағанда-ақ қабылдамай қойғам, әкім қолын қойып жіберіпті. Енді жыл аяғында кепілдік мерзімі бітеді, мердігер болса, осыны тосып жүргендей, келмей қойды. Уақыты біткен соң, бар ауыртпалық тұрғындардың мойнына түседі. Әкімге де, прокуратураға да жаздым, еш нәтиже жоқ.

Жергілікті әкімдік мердігер компанияны жақтап әлек. Тіпті ол жылу маусымына дейін бар кінәратты жояды, - деп сендірді.

Теміржан Ақбаев, Қарағанды облысы Ақтау кентінің әкімі:

Мердігер қондырғыға қатысты өз міндеттерін толық орындаған. Айтылған кемшіліктерді жылу маусымына дейін түзетеді. Түзетіп қана қоймай, Карл Маркс көшесіндегі үйге тағы бір жаңа қазандық орнатады.

Кентте сапасыз орнатылған 4 қазандыққа жөндеу қажет. Жиі сынады. Қымбат көмірден басқа отынды жағуға жарамайды. Оның үстіне жарық жоқта қосатын генераторы да жоқ. Мұндай жылу жүйесі адам өміріне де қауіпті көрінеді.

Асқарбек Қараки, Қарағанды облысы Ақтау кентінің №42 үй комитетінің төрағасы:

«Мысалы коучек, шлам дейміз ғой, соларды жаға алмаймыз. Генераторы жоқ болғандықтан, тоқ өшсе, бұны біз қоса алмаймыз. Қосатын болсақ, өздеріңіз білесіздер, не болатынын ар жағын».

Еске салсақ, 2017-ші жаңа жылдың алғашқы түнінде Қарағанды облысының Шахан кентіндегі көпқабатты үйдің жертөлесіндегі қазандық атылып кеткен болатын. Салдарынан үйдің бүкіл бір подъезі құлап, 9 адам қаза тапты. Кейін жылыту жүйесінің генераторы болмағандықтан жарылғаны анықталған.

Айжан Қуаш, тілші:

Кезінде бүкіл елді мекенді жылумен қамтыған орталық қазандық 20 жылдан бері тоқтап тұр. Оны қалпына келтіру үшін  қомақты  қаражат қажет. Сондықтан шенеуніктер нысанды жөндемейтін болып шешкен. Өйткені қымбат қазандықтан тарайтын жылу ақысын тұрғындар төлей алмайды, -  деп қорқады.

Айжан Қуаш