Қолайсыз ауа райы кесірінен диқандар сапасыз астық алса, тағы да шығынға батуы мүмкін. Мәжіліс депутаты Альберт Рау осылай деп алаңдайды. Айтуынша, сапасыз бидайға баға бірден төмендейді. Ал шаруалардың өздері, керісінше, дәнді дақыл қыста қымбаттайды деп сенімді. Алайда жауын-шашын кесірінен қазір кейбір аймақтарда жиым-терім жұмыстары тоқтап тұр. Абзал Құрманкин толықтарды.
Тәжірибелі диқан Фарид Абитаевтің көңіл-күйіне күнде бұзылатын күн райы әсер етпейді. Жаңа технологияның арқасында егіні жылда бітік шығады. Ол қоңыр күзді күтпестен, егін алқаптарының тең жартысын орып алған. Енді жаздық дақылдарға кіріспек.
Фарид Абитаев, диқан:
Ауа райына сенуге болмайды. Кез келген күн райында өсе беретін дақыл түрлеріне ауысқан дұрыс. Техниканың үлесі де аз емес. Көлік паркін жаңартып отыру қажет.
Ал Қарағанды облысында толассыз жауған жаңбыр салдарынан жиым-терім жұмысы тұралап қалды. Бүгінде бидайдың ылғалдылығы 19 пайыздан асып түскен. Диқандар ең болмаса 17 пайызға түскенін тосып отыр. Десе де биыл егін мол шықты, гектарына 10-12 центнерден кем түспейді дейді.
Сырым Бошпанов, Қарағанды облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
Орақ науқаны 3 ауданда басталды: Абай, Жаңаарқа және Нұрын аудандарында. Қолайсыз ауа райының кесірінен жұмыс тоқтатылды. Күн ашық болса, қыркүйектің тоғызына қарай жұмыс жанданады деп ойлаймын.
Ауылдағылар жаңа жылдан соң, бидай бағасы 70 мың теңгеден асып жығылады деп болжайды. Ал Астанадағы Альберт Рау шаруалар биыл да шығынға батады деп алаңдайды. Депутат бидайдың сапасы түссе, бағасы да құлдырайды дегенді алға тартады. Айтып тұрғаны ылғалдылық.
Альберт Рау, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:
Былтыр диқандар бар табыстан қағылды. Бидайдың нарықтағы бағасы өзіндік құнымен тең болды. Бұған Ресейдің өткен жылы мол астық жинауы себеп. Олар бағаны құлатып жіберді. Бұл биыл да қайталануы ықтимал.
Бірақ биыл Ресейде қуаңшылық деп жатыр. Бізде керісінше. Жауын-шашын мөлшері нормадан асып кетті. Салдарынан диқандар орақ науқанына кірісе алмай әуре. Мәселен, Ақмола облысындағы 4,5 миллион гектар алқаптың тек 29 мыңы ғана орылған.
А.ҚҰРМАНКИН