Негізгі / Жаңалықтар / Қазақстанда АЭС құрылысына қаржы салар инвесторлар жоқ - экономист

Қазақстанда АЭС құрылысына қаржы салар инвесторлар жоқ - экономист

Қазақстанда атом электр стансасының құрылысына қаржы салар инвесторлар жоқ. Өйткені бұл іске кемінде ондаған миллиард доллар кетеді. Бұл туралы «Астана» телеарнасына экономист  Магбат Спанов мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл жобаны елдегі электр қуатының тым көптігіне байланысты тоқтатып тастауы мүмкін. Бірақ болашақта АЭС құрылысы қажет. Өйткені су қоры шектеулі, көмірмен жұмыс істейтін стансалар зиянды, ал «жасыл технологиялардың» әзірге пайдасынан шығыны көп. Сондықтан радиоактивті ресурсты таңдауға тура келеді. Мұның үстіне Қазақстан уран өндіру ісінде көш бастап келеді. Дегенмен биыл елімізде бұл саладағы өндіріс қысқартылды. Мамандар мұны бағаның төмендеуімен байланыстырады. Сәуір айынан бері уранның бағасы 30% қымбаттады, әрі мұны табыс көзіне айналдыруға болады, дейді экономист. 

Магбат Спанов, экономист:

Бәсекелестіктің нәтижесінде 2016-2017 жылдары уран рудасын өндіру құны төмендеді. Былтыр еліміздің әлемдік өндірістегі үлесі 37% жетті. Үлестің 30% төмендеуі осы ресурстың бағасын арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстандағы уран кеніштері негізінен мемлекетке тиесілі екенін ескерсек, бюджетке түсер кіріс те көбейеді. Мұны әлеуметтік салаға жұмсауға болар еді.

Бүгінде уран кеніштері республиканың алты аймағында шоғырланған. Түркістан облысында 7 ірі кеніш, ал Солтүстік Қазақстанда төрт кеніш бар. Уран сонымен қатар Қызылорда, Алматы мен Маңғыстау және Ақмола облыстарында да өндіріледі.