Ең үздік жедел жәрдем бригадасы Көкшетауда. Астанда өткен халықаралық сайыста көкшелік команда осыны дәлеледі. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген дәрігерлер бүгін ашық алаңда жарысқа түсті. Әлемде жыл сайын миллионнан астам жол-көлік оқиғасы тіркеледі. Ал дер кезінде және дұрыс көрсетілген алғашқы көмек сырқаттың тағдырын шешуі мүмкін.
Жедел жәрдемшілердің жанталасқан күнделікті жұмысы дерсің. Адамға қалай да көмектесу үшін жандарын шүберекке түйеді. Бұл жолы кеш шақыртқан жүкті әйел. Толғағы қысқан жанға барлық нұсқауларды мүлтіксіз беру керек. 1 дәрігер 2 фельдшер үйде аз ғана уақыттың ішінде келіншекті аман-есен босандырып алды.
Есенғали Құлетов, Алматы облысынан келген қатысушы:
Енді қобалжу бар ғой, әрине. Қанша әділ-қазылар қарап тұр. Содан кейін бізде кішкене қателіктер болған шығар. Бірақ оны кейін береміз. Бағаға қарап көреміз.
Жедел жәрдем жұмысы онсыз да жарыстан тұрады. Қатты естілгенмен, шындығы сол: өмір мен өлім арасындағы арпалыс. Бүгінгі шартты сайыста 18 команда бар білгенін ортаға салады. Қазақстандық әріптестерімен бірге Литвадан келген дәрігерлер шеберліктерін сынап көрмек. Біздің жеделжәрдемге талап күшті. 6,5 минутта науқасқа жету тиіс. Литвада бұл стандарт 8 минутқа сияды. Бір айрымашылығы - Балтық елінде жедел жәрдем көліктеріне жолда "жасыл бағдаршам".
Ритис Малашаускаса, Литвадан келген команда мүшесі:
Ал селода тұратын науқастарға жедел жәрдем көлігіне 25 минут беріледі. Әрқашан осы белгіленген норма бойынша жұмыс істейміз. Егер де бұған кедергі келтірсе, бұл тек жолдағы көліктер болуы мүмкін. Бірақ бізде көліктерді сіздермен салыстырғанда өткізіп жібереді. Мен мұнда жолда асығып бара жатқан жедел жәрдем машинасын өткізбегенін бір рет байқап қалдым. Қызық екен.
Сабина Мәдиқызы, тілші:
Жалпы мұнда шұғыл түрде алғашқы көмек көрсететін барлығы 8 осындай алаң бар. Мұнда қатысушылар акушерлік, жол-көлік апаты, жүректен инфаркт және асқынған менингит кезінде медициналық жәрдем көрсетуі тиіс. Бастысы дер уақытында және медициналық стандарттарға сай болуы қажет.
Адам жанын арашалау - абыройлы іс. Дегенмен ережеге жүгінбесе, соңы орны толмас өкініштерге әкелуі мүмкін.
Мәдина Әбдірахманова, Астана оқу-клиникалық орталығы бас директорының орынбасары:
Әр тапсырманы орындауға 15 минут беріледі. Осы уақыт ішінде әр команда түрлі медициналық жағдайларды дұрыс әрі рет-ретімен орындауы керек. Ал мұны сырттан біздің экзаменаторлар жіті бақылап отырады. Және істеген жұмыстарына сай балдық жүйе бойынша бағасын да береді.
Қатысушылар: «Бастысы - тәжірибе
алмасу», - дейді. Жарыс соңында науқастарға жедел жәрдем көрсеткен командаларға
арнайы медаль мен кубоктар табыс етілді.
Сабина Мәдиқызы