Ішкі істер министрлігінде реформа жүргізу туралы. Жаздың ортасында мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада жүлдегері Денис Тенді автоұрылар өлтіріп кеткеннен кейін қоғам үндемей отыра бермеді. Қылмыстардың ашылмауы, қылмыскерлердің дандайсуы, полицияның (бәрінің емес, әрине) біліксіздігі, немқұрайлығы, дөкірлігі мен дөрекілігі... «Полицияны реформалау керек» деп, Алматыда құрылған арнайы қоғамдық топ тамыздың соңында ұсыныстарын жариялаған: полиция ғимараттарына еркін кіріп-шығуға рұқсат берілуі қажет деді. Полицияның саясаттан алшақ, қоғамға жақын болуы керектігін айтты. Полиция туралы бір айдың ішінде екі рет Президент те айтты, Грузия үлгісін енгізу ойы барын жеткізді. Қазір Грузияға кіре алмай қалған Михаил Сакаашвилидің президент болған кезінде грузин полициясын таңғаларлықтай өзгерткені расында аңыз болып тараған. Маскүнем мен қарапайымға ғана әлі келетін, қорқыныш пен жеккөрініш сезімдерін туғызатын полиция емес, адамдардың өмірін сақтап қалу үшін өз жанын қиюға әзір полицейлер бар ғой? Бізде де бар! Сондай сақшылар керек. Үстемдік етуші емес, әйтеуір. Ришат Асқарбекұлының сараптамасы.
Түнде былай келгені камерадан көрініп тұр. Біреу наводка берген...
Денис Тен опат болған оқиғадан соң бір өзгерістің болғанын қалап, лап еткен қоғамдық пікірталастың қызуы басылды. Бірақ қылмыс әлемінің қорқаулары түз тағысындай жортуын тоқтатпапты. Оған жақында ғана бағалы көлігінің екі айнасынан айырылған Азаматхан Әміртайдың оқиғасы куә. Шаһардың тап ортасында, бейнебақылаудың көптігі де, әйгілі спортшының өлімі де ұрыны үркіте алмапты.
Азаматхан Әміртай, қоғам белсендісі:
Мен Алматыға командировкаға келдім. Қонақ үйге көлігімді қойдым да, олардың жұмысшыларынан сұрадым: - Ұры көп, камера бар, ма? Көлік күзетіле ме?- деп едім, - Иә,-деді. Ұйқыға жаттым. Таңертең тұрсам айна жоқ. Жарты сағат 102-ге хабарластым. Полиция 40 минутта келді. Арыз алды, істеріне қарап тұрсаң, конструктивті ештеңе жоқ, арттарын қорғау үшін арыз алып, сонымен бітіп отыр.
Алматының жергілікті полиция қызметінің басшысы жұмысынан босатылған күні Азаматхан да мүлкінен айырылған. Бірақ ұрылар әлі табылмапты. Қолды болған екі айнаның құны ресми көлік орталығында 700 мың теңге тұрады дейді жәбірленуші. Ал Алматының іргесінде құрылған «Жаңа Қайрат» шағын ауданы халқының «ұры» десе зәре-құты қалмайды. Соңғы 3-4 жылда мұнда тоналмаған үй қалмады дейді, тұрғындар. Жаңа оқу жылының алдында баланың мектеп сөмкесіне дейін көтеріп кеткен баукеспелерге дауа бар ма?!
Айнұр Әбдімомынова, Алматы қаласы «Жаңа Қайрат» шағын ауданының тұрғыны:
Біз аңдып жүрген ұрыларды камерадан көрдік, түсіп қалған. Кепка киіп алған, спорт костюмінде жүр. Үйде біреу бар ма, жоқ па деп тексеріп жатқаны көрініп тұр. Түрі болса да оларды ешкім іздеп жатқан жоқ.
Алма Құрманбаева, Алматы қаласы «Жаңа Қайрат» шағын ауданының тұрғыны:
Мәсәлен, осы бір жылда 200 үйдің 15-не ұрылардың кіріп шыққаны болып тұр. Бұл үлкен әлеуметтік мәселе тудыратын қадам деп ойлаймын. Біз участковый полицияны ертіп келгенде, өзінің қауқарсыз екендігін айтты. Біздің жазған арыздарымыз жабулы күйінде қала береді екен. Көзіміз жетті.
Елдегі қылмыстық ахуалға, соның ішінде құқық қорғау саласына қатысты шағымдардың артқанын Елбасы да Парламенттің соңғы біріккен сессиясында айтты. Алдында Атырауға барған сапарында да Грузияда жасалған реформаға назар аударған еді. «Бұл елде полиция көшеде адамның досы, ал бізде кім?»- деп сауал тастады.
Борис Жапаров, «Нұр Отан» партиясы АҚФ жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы:
Бізде Кеңес үкіметінен бері қалыптасқан көзқарас бар. Тәртіп сақтаушылардың біразы мемлекеттік сеніп тапсырған жұмысын өз бас пайдасына пайдалану дегене ұғым бар. ГАИ туралы күлкілі әңгімелер айтылады. Ол өмірден алынған нәрселер. Украина да, Грузия сценариі бойынша реформа жасады. Нәтижесінде полиция халықтың қорқатыны емес, қорғаушысы деген пікір қалыптасып, халықтың көзқарасы түбегейлі өзгеріп жатыр.
Халықаралық құқықтық бастама қорының президенті Айна Шорманбаева Грузияда жұмыс істеген. Осыдан 14 жыл бұрын басталған құқық қорғау саласындағы реформаның біздің мемлекеттегі басқару формасына қайшы тұстары бар. Қазақстанда ішкі істер саласын техникалық тұрғыдан реформалауға болады. Бірақ полиция биліктің айтқанымен жүргендіктен аңыз болып айтылатын грузин реформасын жасауға мүмкіндік жоқ дейді.
Айна Шорманбаева, Халықаралық құқықтық бастама қорының президенті:
Ең бірінші басынан бастап бүкіл жүйе, ұстанымдар өзгертілуі тиіс. Яғни, полиция билікті қорғау емес, халықты, адамдардың құқықтарын қорғауы басты міндеті болуы керек, әрбір құқық қорғау қызметінің міндеті осылай болуы тиіс. Бізде жағдай басқаша, оны бәрі біледі. Сондықтан, қазіргі ІІМ реформалау ұсыныстары, олар техникалық ұсыныстар. Ол да керек. Бірақ мемлекеттік құрылымдардың реформасын жасамай, оны жасау мүмкін емес.
Құқық қорғау саласында бүгінге дейін жүргізілген реформалардың пайдасы көрінген, тиімді жақтары да аз емес. Бірақ бір-бірімен сапырып оңтайландыру, бір ведомстводан екінші ведомствоның құрамына беру, одан қайтадан шығару мамандардың кәсіби деңгейін әлсіретті дейді сарапшылар. Білікті мамандардың тапшылығы мен жемқорлықтың дендеуі - саланың ауыр дерті.
Борис Жапаров, «Нұр Отан» партиясы АҚФ жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы:
Кейбір түсінігі төмен полиция қызметкерлері: «Біздің табысымыз төмен, қосалқы табыс табуға тура келеді»,-дейді. Шындығында Үкімет полиция қызметкерлеріне жағдай жасап отыр. Салыстармалы түрде. Көрші елге қарағанда бастан аяқ киінеді, қаруланады, техника, автомобиль бар. Пәтер де беріліп жатыр. Жалақы да төмен емес. Адамның тойымсыздығы мен тәртіптің аздығы бұл жүйеде де бар. Қосымша қаржы тапқысы келеді. Бірақ оны қылмыс деп есетемейді. Бұл сыбайлас жемқорлық.
Ұсақ қылмыстың өршуі шелектің ернеуінен енді асайын деп тұрған суды көзге елестетеді. Денис Теннің өлтірілуі оны ақтарып тастайтындай болған. Алматы полициясы түбегейлі өзгеріс жасамаса да, көңілге қонымды біршама бастамаларды ұсынды. Көп қабатты үйлердің ауласында жаяу патрульдік бақылау күшейді. Жедел қоңырау қабылдайтын 102 желісіне қосымша мамандар алынып отыр. Ал «Күлекбаевтың бүлігінен» соң ит тұмсығы өтпестей етіп қоршалған ішкі істер басқармаларындағы тас қамалдар шынымен ауыстырылады.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД ресми өкілі:
2015 жылғы Үкіметтің 191 қаулысына сәйкес террорлық әрекеттерге душар болуы мүмкін нысандар белгіленген. Соның қатарына ІІМ әкімшілік ғимараттары да кіреді. Сондықтан қоршауларды 100 пайыз алып тастау мүмкін емес. Заң талабы сондай. Біршама өзгерістер енеді. Мысалы, сапасы өзгереді, көрнекілігі жағынан. Арнайы фронт офис көзделіп отыр. Шыныдан жасалған кеңседен ақпарат алады. Әкімшілік полиция, тергеушілер отырып, тиісті сұрақтарға жауап береді.
Алматының жаймашуақ жазғы күнін дүрбелеңге толтырған даңқты спортшының өліміне қарапайым көлік айнасы себепші болды. Ендеше сол айнаға қатысты мынадай деректер бар. Қалалық ішкі істер департаментінің кеше ғана берген дерегінше, 2016 жылы 1200 айна ұрлығы тіркелген. Ал былтыр, 2017 жылы 883 болыпты. Биыл жыл басынан бері 395 айна ұрлығы жасалған екен.
Қанқұйлы оқиға қала әкімінің қасындағы қоғамдық кеңестің де жұмысын жандандырғандай болды. Қоғам белсенділерінің қысымымен автобөлшектер саудасы тексерілді. Қала басшысының қатысуымен шаһар қауіпсіздігі үшін өзге де ұсыныстар талқыланып жатыр. Дегенмен, тыныштық пен жайлы өмір сүруді қалайтын халықтың көкейінде көп сұрақ бар.
Көшедегі адамдар:
Мен байқадым полиция жақсы жұмыс істей бастаған сияқты. Осы оқиғадан кейін көшеден көп көреміз оларды. Бұрын оны байқамаушы едім.
Полицияға өзі не жетпейді? Оларда қазір барлығы бар. Жақсы техника, жалақысы уақытында төленеді, пенсияға ерте шығады. Тек жұмыс істеу керек қой.
Менің ойымша, олар да өз жұмыстарын істеп жатыр, жақсы істейтіндері де, істемейтіндері де бар. Жемқорлыққа қарсы жүйені күшейту керек.
Ришат Асқарбекұлы, тілші:
Денис Тенннің мезгілсіз қазасы қоғамдағы асқынған жараның аузын тырнағандай болды. Спортшы өлген сәтте қарапайым адамдардың қорғансыздың күнін кешіп жүргендері анық байқалды. «Денисті қорғай алмаған полиция бізді қалай қорғайды?»-деген шарасыздық пен үрей әлеуметтік желілерден сезілді. Қоғамдағы өзге де өзекті мәселелерді тықсырып тастап, күн тәртібіне шыққан осы оқиғадан кім қандай сабақ алды? Біз сөзге тартқан қарапайым адамдар да, қоғам белсенділері де өзгерісті қалайтындарын ашық айтып отыр. «Полиция адамның қорғаны» дегенде ешкім мысқылдап күлмейтін қоғамда өмір сүргісі келеді.
Ришат Асқарбекұлы «Біздің уақыт»