Қожыраған тұрғын-үй коммуналдық
шаруашылығы. Бір жағынан инженерлік қондырғылар тозған. Қомақты инвестициялар
керек. Екінші жағынан, коммуналдық қызмет үшін төлемейтін тұрғындар бар.
Қордаланған қарыз туралы жиі айтылады. Және тұрғындардың көбі өздері тұрып
жатқан үйлердің жағдайына бейжай қарайды. Тиісінше, тындырғаны шамалы пәтер
иелері кооперативтерінің орнына мүлік иелерінің бірлестіктері құрылатынын
бейсенбіде Инвестициялар және даму министрлігіне қарайтын тұрғын үй коммуналдық
шаруашылығы департаментінің өкілдері хабарлады. Алайда тұрғындарға байланысты
емес проблема да жетеді. Біз сан рет берген апатты үйлер. Сонымен бірге жаз
маусымында қысқа тыңғылықты дайындалмаудың кесірінен қақаған аязда трубалардың
жарылып жататынын білеміз. Ал орталықтандырылған жүйесі істен шыққан шағын
қалалардағы ахуал... Қарағанды облысындағы Шаханда қазандықтың жарылуынан
адамдардың опат болғаны есте. Бұл ауқымды саланың қауіпті лифт, аулалар мен көшелердің
лай су, балшыққа батып жататыны сияқты да проблемасы өте көп. Еркін Карин
жалғастырады.
Қожайын үйдің жертөлесіне бастап барады...
Осыдан 60 жыл бұрын салынған
үйдің қазіргі сиқы осы. Қабырғасы жарылып, электр сымдары салбырап тұр. Қыста
суық, жауынды-шашынды күндері төбесінен тамшы тамады. Қоқысқа толы жертөлесі
тарақандар мен өрмекшінің мекеніне айналған. Көрген кісінің жылағысы келетін
сұрықсыз түрінен шошынды ма, пәтер иелері кооперативі бұл үйден осыдан 15 жыл
бұрын бас тартқан. Содан бері тұрғындар өз күнін өздері көріп келеді.
Марат Рахымбердин, Орал қаласының тұрғыны:
КСК жұмыс істеген жоқ. Бізден тек ақша жинайды да,
ешқандай подвал да, ақтау, штукатурить ету, система отопления, водоснабжения - бәрі
қаралған жоқ. 60 жылдан бері обслуживание жасалған жоқ. Мұны құлату керек,
басқа үй салу керек, 5 әлде 9 қабатты. Жағдайы келетін адамдар әлде
бизнесмендер салсын деген тілегім бар.
Қария 15 жылдан бері осы
үміттің жетегінде. Ал оның көршісі Зульфина әжей ауылдағы бар дүние-мүлкін
сатып, қалаға көшіп келген. Қазір күн суытса, аурудан көз ашпайды. Қанша
жөндесе де, икемге келмейтін пәтері жүйкесін жұқартып, денсаулығын әбден
діңкелеткен. Бірақ бұл кісінің де бас тіреп баратын басқа жері жоқ.
Зульфина Шукешова, Орал қаласының тұрғыны:
Ал мына төбе бір күні құлайды. Мұның астында қаламыз деп
отырмыз енді. Көріп тұрсыз ғой қандай жарық екенін. Енді ертең бастайды
октябрьде, содан уже қабырға қарайып кетеді. Сосын сырость болады, содан
ауырамыз. Доғдырлар айтады келгенде: «Міне, осыдан ауру тауып отырсың», - деп.
Енді не қылайық? Баратын ақшамыз жоқ.
Шарасыз тұрғындар мемлекет
көмегінен үмітті. Бірақ Оралдағы 1300-ден астам көпқабатты үйдің төрттен
бірінде пәтер иелері кооперативі жоқ. Бұл аздай тағы 40 шақты үй апатты деп
танылған. Ал сала мамандары жағдайды ушықтырып отырған тұрғындардың өздері дейді.
Нұрлан Рахымжанов, Тұрғын үйлерге қызмет көрсетуші және
басқарушы мекеме басшысы:
Тұрғындар КСК-сы жоқ болған жағдайда өздері «инициативная
группа» дейміз, яғни, белсенді топ мүшелері арқылы үйді өздері қолдарына алуы
керек деп есептеймін. Бір рет жөндеп алса, өздері қаражат шығарып, алдағы
уақытта кез-келген КСК немесе жаңағы басқарушы мекемелер оны ары қарай жұмыс
жасауға ала алады. Тұрғындардың белсенділігі өте аз. Қатыспайды жиналысқа.
Сосын жаңағы үйдің жағдайын білмейді де, әрі қарай үйдің жағдайы сол күйінде
қала береді. Жылдан-жылға бізде апатты үйлер көбейіп келе жатыр. Соның барлығы
осы басынан бастап бастамағанның кесірі деп ойлаймын өзім.
Сарапшылар бұл саланың ең үлкен
проблемаларын санап берді.
Ең бастысы – халық өз
баспанасына жауапкершілікпен қарамайды, кінәлі мен міндеттіні басқа жақтан
іздегенді жөн көреді. Өйткені өзін қинамаудың оңай жолы осы.
Екіншіден, тұрғын үй қоры
ескірді. Мұны жаңғырту үшін қомақты қаржы қажет.
Тағы бір маңызды мәселе – өзге
органдар секілді Тұрғын үй инспекциясының да құзіреті күшейтілуі тиіс. Әйтпесе,
игі мақсаттағы бағдарламалар ел сенімінен шықпай отыр.
Қазыбек Шайх, сарапшы:
Тұрғын үй инспекциясы береді ұсыныс, «біз сіздерге ремонт
жасап береміз, ананы жасап береміз»... Бірақ оны жасап беретін кісінің сметасын
өзіміз жасаймыз дейді. Жұмысын істейтін компанияны өзіміз табамыз дейді. Ал
халық ол үшін ақшасын беруі керек. Егер ол халықтың ақшасы болған соң, оны
халықтың өзі таңдауы керек. Кім ремонт жасайды, қандай материал қолданады?
Соның бәрін халыққа беру керек. Осы ақпаратты жинадым халықтан, мен айтып
жатырмын: - Сіздерге мемлекет қаржы беріп жатыр, неге алмайсыз? Қалай аламыз?
1000 теңге тұратын жұмысты олар 10 мың теңгеге алып береді. Бұл менің айтқан
сөзім емес, бұл халықтың айтып жатқандары. Және олардың қадағалайтын ешқандай
жолы жоқ. Кім келеді, қалай жұмыс жасайды?
Тұрғын үй коммуналдық
шаруашылығындағы көп түйткілдің бір шеті жылу желілерін де қамтиды. Өйткені
қыстың қамын жазда ойламағанның жағдайы қиын. Мысалы, алдағы қыс Қарағанды
облысындағы Ақтау кентінің тұрғындарын қинайын деп тұр. Елді мекенде 9 миллион
теңгеге қойылған жап-жаңа қазандықтар істен шыға бастаған. Арада ай өтпей
жатып, алдымен түтігі сынған, кейін пештің өзі бұзылыпты. Ал мердігер мекеме
ақшаны қалтаға басып, тайып тұрған. Түтіккен тұрғындар шала-шарпы жұмысты
қабылдаған әкімдікті айыптайды.
Алена Пеннер, Қарағанды облысы Ақтау кентіндегі үй
комитетінің басшысы:
Компания қазандықтың генераторын да бермеді, жұмысы
сапасыз болды. Генераторды сұрап жүріп әрең алдық. Мен жұмысты бастағанда-ақ
қабылдамай қойғам, әкім қолын қойып жіберіпті. Енді жыл аяғында кепілдік
мерзімі бітеді, мердігер болса, осыны тосып жүргендей, келмей қойды. Уақыты
біткен соң, бар ауыртпалық тұрғындардың мойнына түседі. Әкімге де,
прокуратураға да жаздым, еш нәтиже жоқ. Жергілікті әкімдік мердігер компанияны
жақтап әлек. Тіпті ол жылу маусымына дейін бар кінәратты жояды, - деп сендірді.
Теміржан Ақбаев, Қарағанды облысы Ақтау кентінің әкімі:
Мердігер қондырғыға қатысты өз міндеттерін толық
орындаған. Айтылған кемшіліктерді жылу маусымына дейін түзетеді. Түзетіп қана
қоймай, Карл Маркс көшесіндегі үйге тағы бір жаңа қазандық орнатады.
Сапасыз орнатылған 4 қазандық
жиі сынады әрі қымбат көмірден басқа отынға жарамайды. Бір қорқыныштысы - мұндай
жылу жүйесі қауіпті екен. Бір жарым жыл бұрын Шахан кентінде жылу қазандығы
жарылып, 9 адам опат болғаны есіңізде шығар? Ал кезінде елді мекенді түгел
жылытқан орталық қазандық 20 жылдан бері тоқтап тұр. Оны іске қосуға қомақты
қаржы қажет. Құны қымбат жобаны тұрғындар қалтасы көтере алмайды деп
«уайымдаған» шенеуніктер ақыры қазандықты жөндемейтін болып шешкен.
Ал мамыражай мамырда ішер судан
тарыққан оралдықтар кейін жаздың аптап ыстығын ыстық сусыз өткерді. Көтере
алмағаныңды қосып арқалар бұл тауқыметтің қашан тәмам болары белгісіз. Өйткені
қарыз әлі миллиондап саналады.
Вячеслав Солодилов, «Жайықжылуқуат» АҚ коммерциялық
директоры:
Адамдар қызық, су мен жарыққа, тіпті, интернетке ақша
төлейді. Ал жылуға көк тиынын қимайды. Бұлар - тұтынушылардың 15 пайызы.
Солардың кесірінен оралдықтардың қалған 85 пайызы жапа шегіп отыр. Көктемде
халықтың қарызы 1 миллиард теңгеден асып кетті. Борышкерлердің бірін қамадық,
бірінің көлігін тартып алып, енді бірін елден шығармадық, әйтеуір берешекті 367
миллион теңгеге дейін азайттық. Бірақ көрсетілген кез-келген қызметке ақы төлеу
керектігін жерлестеріміз ұғына бермейді.
Қарызын қайтару үшін жылу
мекемесі борышкерлердің аты-жөнін ғаламторда жариялады, кейін олардың үйінің
есігіне жазуға кірісті. Осылайша, көршілерінің алдында бетін қызартып, ұятын
оятпақ. Бұл ретте күллі тірлігі тәртіпке негізделген немістерден үлгі алсақ
дейді. Бірақ бізде бәрі басқаша.
Еркін Карин, тілші:
Мына ат шаптырым аумаққа асфальт биыл төселген. Жол
тегістелгеніне қуанып үлгірмей жатып, коммуналдық кәсіпорындар қайтадан қопарып
тастады. Енді жер астындағы құбырларды ауыстырып жатыр. Осы саланың майын езіп
ішкен мамандарды қайдам, қарапайым тұрғынның қарабайыр логикасына салсақ, бұл
жұмыстардың реті бұлай болмауы тиіс еді. Бірақ бізде әдеттегідей бәрі де
керісінше.
Еркін Карин, Наурыз Халит «Біздің Уақыт»