«Ешкімге ренжімеу керек. Әрдайым күліп жүрген дұрыс!» Екі аяғы да жоқ болып
туған он жастағы Әли солай дейді. Оның өмірге құштарлығы жаңбыр жаумай, «су»
болып жүретіндерді ойлантар ма екен?! Екінші жағынан, өзгеше болып туған
жандарға біртүрлі үркіп, немесе тесіліп қарау сияқты жабайылықтан арылатын
уақыт туды. Ал мемлекетте олар кедергісіз білім алып, жалпы адамдарға қандай
құқық берілген - соның бәрін пайдаланып, емін-еркін жүріп тұруы тиіс. Ондай
жағдай жасау - мемлекеттің міндеті. Көздері от шашқан Әлимен Диана Сапарқызы
кездескен, әрине, бұл материалын өзінің «алтын қорына» қосады. Сансыз сюжет
түсіретін тілшілердің санаулы материалы ғана салынатын «сандығы» болады. Ол кейіпкерге
байланысты дүние.
Тілші:
- Өмірді қаншалықты сүйесің?
Әли:
- Қатты! Көп-көп!
Әли Тұрғанбеков Талдықорғанда
дүниеге келген. Қазір ата-анасы, бауырларымен Астанада тұрады. Басқа балалар
сияқты мектепке барады, өзге оқушылардай түрлі спорттық үйірмелерге қатысады.
Атақты жүзгіш Майкл Фелпс сияқты су падишаһы болғысы келеді. Параолимпиада чемпионы
атануды армандайды.
- Вот молодец,Әли!
Әлидің ерек болмысы анасы үшін
де құпия болып қалған. Дәрігерлер Әлидің өзгерістерін босануына бір ай қалғанда
бір-ақ байқаған.
Ақмарал Әміреева, Әлидің анасы:
Менің ойымша, Алла тағала осындай баланы жіберсе, біз оны Жаратқанның сыйы және сынағы
ретінде қабылдауымыз қажет.
Жасы толғанда мектепке барғысы
келген Әлиді білім ордалары қабылдамаған. Себебі, білім ордаларында әлі күнге
дейін «ерекше» балаларға жағдай жасалмаған. Ақмарал тіпті "балаңызды мектепте қабылдай алмаймыз»
деген жауапқа көне бастағанын айтады.
Ақмарал Әміреева, Әлидің анасы:
Мен Алматы, Талдықорған, бірнеше өңірді араладым.
Өкінішке орай, аймақтардағы мектептер арбамен жүретін балаларға ыңғайланбаған.
Жағдай жасалмаған. Сондықтан көп жерлерде баланы мектепке қабылдаудан бас тартты.
Осылай қиналғаным бар.
Сүреңсіз күндерден соң жадырайтын
шақ туатыны мәлім емес пе? Ақыры ана мен баланың алғашқы арманы орындалады.
Әлидің керемет құлшынысын байқап қалған қайырымды жандар Астанадағы түрік
лицейіне орналастырған. Анасының айтуынша, бас қалаға келгелі Әлидің өмірге
деген қызығушылығы одан бетер артқан. Алайда сол баяғы баспана мәселесі бұл
отбасының да басты проблемасы болып тұр. Астанада пәтер жалдап тұру оңай емес,
әрине.
Ақмарал Әміреева, Әлидің анасы:
Уақыт өте келе Астанаға көшіп келдік. Баспанамыз жоқ. Қазіргі
таңда біз үшін осы мәселе қиындық тудырып отыр. Отағасы отбасымыздың жалғыз
асыраушысы. 4 баламыз бар. Жолдасым мектепке күнде барады. Себебі Әлиді
әжетхана апару керек.
Дегенмен, жақсы жаңалық аз емес.
Түрік мамандары 10 жастағы Әлиді аяғына тұрғызды.
Иә, темір аяққа қол жеткізу
оңай болмаған. Алдымен қаржы таба алмай бірнеше жыл қиналған. Содан жомарт
жандар мен Астана әкімдігінің көмегімен қаржы жиналады. Алайда Әлиге келісті
протез орнатудан шетелдік бірталай клиникалар бас тартқан.
Ақмарал Әміреева, Әлидің анасы:
Бізге көп клинкалар протез жасаудан бас тарты. Себебі
Әлидің оң жақ санының сүйегі мүлдем жоқ.
Қиын жағдай болды. Әйтеуір Алланың қолдауымен, Түркияда германиялық сападан кем
емес 33 мың доллар тұратын протез жасап берді.
Былтыр Әли Алматыда белгілі мотиватор, өзі сияқты екі
аяғы жоқ Ник Вуйчичпен кездескен болатын. Ал биыл Біріккен Араб Әмірліктерінде атақты
футболшы Диего Марадоннамен жүздесті.
Әли Тұрғанбаев:
Мен тағы да басқа футболистермен кездескім келеді. Майкл
Фелпспен кездескім келеді.
Жаңыл Оспанова Әлидің
мектептегі ұстазы ғана емес, «екінші анасы» десек артық айтпаймыз. Мұғалім
Әлиді сыныбына алғанда қорқыныш болғанын жасырмады. Тіпті ерекше жанмен кездесу
сәтіне апталап дайындалған.
Жаңыл Оспанова, Әлидің ұстазы:
Енді осы Әлидің класын алады дегенде мен өзімді екі апта
бойы дайындадым. Шыны керек, ол қандай ерекше бала екенін мен өзі де сырттан
байқап, біліп жүретінмін. Қарап сыртынан, жанашырлық танытып ол балаға. Одан
кейін сол сыныптың жетекшісі болады деген хабарды естігенде өзім қатты
уайымдадым. Бірінші күні келген кезде уайымымды Әли жоққа шығарды. Мен емес
Әлиді қарсы алған, Әли мені қарсы алды.
Әлижан, өмірдің қиындықтарына мойынсұнбау үшін
көремендерімізге қандай кеңес бересің?
Әли Тұрғанбаев:
Күнде күліп жүру керек. Ешқашан ренжімеу керек.
Тетелес інісі Әмір Әлидің үнемі жанында. Тіпті қазір білім алып жатқан
лицейге ағасына қамқор болу үшін барған.
Диана Сапарқызы, тілші:
Əлидің асқақ армандарының аласармайтынына күмəн жоқ.
Бірден туатын сұрақ - фəнидің кез-келген сынағына кез келгеніміз шыдай
аламыз ба? Əлидің өзінің болмысы да
ерек, ата-анасының баласына деген сүйіспеншілігі де тек "айналайын"
деген жылы сөзбен шектелмейтін терең екені анық көрініп тұр. Өмірге деген
құштарлықтың керемет бір үлгісі!
Әли, сен мықтысың!
Диана Сапарқызы «Біздің уақыт»