Жол жөндеу жұмыстарын созбаққа салатын компаниялар көбейіп барады. Елде 10 жылда құрылысы аяқталмаған автомобиль жолдары бар. Бірақ, жобаға бөлінген ақшадан бір тиын да қалмаған. Депутаттар мұны мердігер компанияларға жазаның жеңілдіген түсіндіреді. Үкімет сағатынан Дәуренбек Бақдәулет баяндайды.
«Нұрлы жол» бойынша да құрылысы "сағызша созылып" кеткен жобалар баршылық. Алматы-Қапшағай арасындағы тас жол 2015 жылы аяқталуы тиіс-тін. Содан бері үш жыл өтсе де мердігерлер күнде ертеңмен жүр. Ұзындығы 441 шақырымға жуық Астана -Павлодар тас жолы да осындай жағдайда.
Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Астана - Павлодар тас жолын пайдаға беру мерзімі бірнеше мәрте бұзылғандықтан, 200 шақырымда ғана жол қозғалысы ашық. Жалпы алғанда бұл жол 5 жылдан астам уақыт салынып жатыр.
Былтырдан бері жол салу бойныша 6 бірдей қылмыстық іс қозғалған. Депутат мемлекеттік бағдарламаның мерзімін бұзғандардың жауапкершілігін қатаңдатуды ұсынды Әйтпесе, жол салуды "май бидайға айналдырып" алғандар көбейеді. Ал, Омархан Өкісікбаев тас жол тарту кезінде көлік жүктемесі жете ескерілуі қажет деді.
Омархан Өксікбаев, ҚР Парламенті Мәжілсінің депутаты:
Бір кезде осы сол кездегі министр Нұғыманов айтты, ойбай, бізде әлі 30 мың көлік жүретін машина жоқ, 15 жылдан соң қайта саламыз деп, үш жыл өтпей жатып, сол жолды бұзып қайта салдық. Қанша қаржы шашылды? Ешкім жауап берген жоқ, біреуінің басынан бір тал шаш түскен жоқ. Енді соған тағы да ұрынбасақ екен деймін.
Негізі мердігерлер жолдың сапасына 3 жылға кепілдік береді. Келесі жылы Астана-Алматы арасындағы ең тозығы жеткен, ойқы-шойқы жол бөлігінде жөндеу жұмыстары басталады. Балқаштан әрі қарай Алматыға жетудің бейнетін, жолаушылар жақсы біледі.
Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:
Қазір біз екі учаскені бітірдік, Теміртау және Қапшағай. Осы жылы Қарағандының айналма жолы бар Құртыдан Бурылбайталға баратын жол бар. Келер жылы Бурылбайталдан Балхашқа және Балхаштан Қарағандыға баратын жол басталып жатыр.
Дәуренбек Бақдәулет, тілші:
Биыл
жол жөндеуге 77 млрд теңге бөлінген. Ал қарашадан бастап 3 бірдей автожол ақылы
болады. Ол Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай және Алматы -Қорғас жолдары. 1
шақырымы 1 теңге болады. Қасымбек теңгенің құлдырауы жол жөндеуге кері әсер
етпейді, құрылысқа 95 пайыз отандық өнім
қолданылады дейді.