Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Керекуде «Ворушин» бағындағы жасыл желек жаппай оталып жатыр

AstanaTV
10.09.2018ж. 20:00
3615
Керекуде «Ворушин» бағындағы жасыл желек жаппай оталып жатыр

Керекуде жаппай жасыл-желек оталып жатыр. «Ворушин» бағындағы ағаштардың басым бөлігін жергілікті билік «қураған» деген желеумен кесіп тастады. Бұған табиғат жанашырлары наразы. Мамандар қалада жерасты суының күрт көтерілуін осының кесірі дейді. Мәселенің жай-жапсарын әріптесім Әсемгүл Мұхитқызы білуге тырысты.

Әсемгүл Мұхитқызы:

Ел ішінде «Ворушин» бағы деп аталатын бұл саябақта ағаштардың түр-түрі өсіп тұрды. Жазда тіпті тұрғындар саңырауқұлақ теріп, жеміс-жидекті жинаған кездер де болатын. Алайда соңғы күндері жергілікті билік ағаштарды түгел кесіп жатыр. Мұндай қолдан жасалған әрекетті көрген биолог-мамандар табиғаттың тепе-теңдік заңдылығы бұзылады деп алаңдаулы.

Надежда Колядич осы ауданда бала кезден тұрады. Тал-теректер көз алдында өскен ол бұл көрініске қынжылады. Айтуынша, бұрын осы жерде 4 метрлік жыра болған. Бірақ,оны көміп тастаған. Сөйтіп, су ешқайда ақпай, осында жиналуда. Салдарынан саябақ - ми батпаққа айналып, ағаштар шетінен қурап жатыр.

Надежда Колядич, Павлодар қаласының тұрғыны:

Ағаштар ауру деді. Сондықтан, оларды кесіп, жас көшеттер отырғызамыз деді. Алайда, жаз бойы ешқандай жұмыс жүргізілмеді. Кесілген желектерді отынға анда-мұнда сатқанын білемін.

Биологтар ағашты бейберекет кесуден табиғи тепе-теңдік бұзылғанын айтады. Топырақтың құрылымы өзгеріп, экожүйеде ауытқулар пайда болған.

Татьяна Пономарёва, биолог:

Ресми ғылыми тұжырымға сенсек, өсіп тұрған терек ағашы бір тәулікте орташа есеппен жарты тонна суды өзіне тартады. Жасыл-желектер оталған соң,  аумақ қаңырап бос қалды. Қаншама тонна су жатқанын ойлау қиын. Өйткені, ағаштарды кесумен қоса, біз табиғи «сорғыштарды» да құртып отырмыз. 

Дәл осы саябақ 2014 жылы биліктің шешімімен сүрілуі тиіс-тін. Алайда тұрғындардың араласуымен мәселе оң шешілді. Сол кездегі қала әкімі Болат Бақауов 5 мыңдай ағаш бар гүлзарға «саябақ» мәртебесін беріп, бәрін қалпына келтіреміз деп уәде берген.

Болат Бақауов, Павлодар облысының әкімі (23.04.2014 ж түсірілім):

Алдында дұрыс жұмыстар жүргізілмеген. Общественное слушание өткізу керек. Ол мезгілінде жасалмаған. Болашақта парк болады. Благоустройство жасаймыз. Парктің статусын береміз.

Ал бұл жолы коммуналдық қызмет қураған ағаштар кесіледі. Орнына жас көшеттер отырғызылады деп сендірді.

Ержан Түсіпбеков, Павлодар қалалық ТҮКШ бөлмінің сектор меңгерушісі:

Судың жиегінде өсетін ағаштар. Тал, қарағаш. Ал дөң жерлерге қарағай отырғызамыз деп отырмыз. 800 ағаш отырғызамыз деп жоспарлап отырмыз. Қаражатты байқаймыз қандай болатынын. 22 млн қаражат бөліну керек.

Парктің шалшыққа айналуына - аумақта дренаждық жүйенің жоқтығы кесірін тигізген. Шенділер мұны жоққа шығармайды. Алайда, скверді қалыпқа келтіру кезінде бұл ескерілмеген.

 Әсемгүл Мұхитқызы