Ал бұл уақытта асқақтап кеткен криптовалютаның құны бес есеге арзандады. Виртуалды ақша былтыр шарықтау шыңына көтерілгенде, бір биткоин 20 мың АҚШ долларына тең еді. Қазір ол 6 мың айналысына келіп тұрақтаған. Қазақстандық қаржыгерлер елімізде электрондық айырбас құралының дәуірі аяқталды деген пікірде. Хайп үшін жасалған қадамның енді болашағы бұлыңғыр. Біздің қоғам оны толық түсінген де жоқ. Әлемдік қаржы нарығында сілікініс тудырған «болашақтың валютасы» туралы Ришат Асқарбекұлы.
Ришат Асқарбекұлы, тілші:
Бір
кездері ақпарат айдынында қалқыған криптовалюта тақырыбы неге сап тиылды? Біздің бұл
сауалымызға Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мамандары «ертегі аяқталды» деп
қысқа қайырды. Біздің қаржылық жүйе әлі оған дайын емес еді. Бұл технологиялық
жаңалықты әлемде жақтаушылар немесе
мүлдем сенбейтіндер боп екіге бөлінеді.
Константин Пак, Қазақстан
қаржыгерлері қауымдастығының сарапшысы:
Жоғалтатын ештеңем жоқ деп, тек ермек үшін жүргендер оған сенеді. Ал қаржы салып, одан пайда көрмегендер, күннен күнге күдерін үзіп барады. Ақпарат кеңістігінде мұны бір сөзбен "хайп" дейді. Ол қандай пайда әкелетіні маңызды емес, ол туралы көп айтылса, содан ақша жасайтындардың заманы қазір.
Инвестор Уоррен Баффеттің өзі мұны таза спекуляциялық құрал деп баға берді. Біздің елде цифрлық ақшаның болашағы туралы аңызға бергісіз болжамдарға сеніп, жиған-тергенін берген адамдардың саны туралы нақты ақпарат жоқ. Бірақ біз сөзге тартқан қатардағы «блокчейн» иелері сұқбаттан бас тартты.
Цифрлық ақша 2017 жылдың соңына қарай шарықтау шегіне жетті. Мысалы биткоинның бір бірлігі 20 мың АҚШ долларына дейін барды. Осыған селт еткен әлем жұртшылығының арыны қазір басылған. Себебі оның бүгінгі құны 6 мың АҚШ долларына түсткен. Бірден 75 пайызға арзандаған валютаға сенім де төмендеді.
Десе де виртуалдық ақшаның келешегіне үміт артқан адамдар инвестиция салудан тартынып отырған жоқ. «Астананың криптоинвесторлары» деп аталатын қауымдастық өкілдері оны насихаттауды тоқтатпақ емес. Бірақ блокчейн қолданушыларына қауіптің де барын ескертеді.
Батырбек Омаров, «Blockchainkz» қауымдастығының президенті:
Сауда барысында цифрлық ақшадан
10-15 пайызға дейін пайда табатындар бар. Бірақ саланы жақсылап меңгеру керек. Күмән тудыратын адамдарға қаржы бермеу керек. Бізде мұны реттейтін заң да жоқ, сондықтан жауапсыз салынған қаржыны ешкім қайтармайды.
Ришат Асқарбекұлы, тілші:
Мамандардың айтуынша, виртуалды валютаға қаржы салып, алданып қалған жағдайлар да аз емес. Өткен жылы ICO алаңында криптовалютаға инвестиция салған жерлестеріміз үшін сауда-саттықтың 90 пайызы сәтсіз аяқталған. Осыдан кейін қарапайым адамдар арсында оған «қаржы пирамидасы» деп қарайтын көзқарас та қалыптасып үлгеріпті.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ