Павлодарлықтар ерекше оқиғаға куә болды. Көше аралаған мүйізі қарағайдай бұғынының фотосуреттері кеше кешкісін әлеуметтік желіде тарапты. Ал, таңға жуық оның жылу құбырларының тұтқыны болғанын жұрт байқап, құтқарушыларға хабар берген.
Оқиға орнына ветеринарлар да, полиция да жеткен. Олар жануарды автокранмен шығарып, жүк көлікке тиеп орманға апармақшы болған. Дегенмен бұғы біраз қарсылық көрсетіп, жиналғандарды әбігерге салыпты. Әупіремдеп жүріп арқанмен тартып әрең шығарғанмен, ол қашып үлгерген. Сол арадағы адамдардың бірін жарақаттады. Кейін бұғыны Ертістің жағасынан ұстапты. Мамандар жануар Шығыстан келуі мүмкін екенін айтады.
Серік Шериязданов, Павлодар облыстық ТЖД жедел құтқару жасағы бастығының орынбасары:
Ол құбырдың арасыннан шыққаны сол еді, жан-жақтан жарқылдатып фотоға-видеоға түсіре бастады. Содан болар ол адамдарға қарай қашты. Бір адамды қағып кетті. Дәрігер шақырдық, ол адамның миы шайқалған сияқты.