Павлодарлық эпидемиологтар биылғы тұмау маусымында Н-3 N-2 Сингапур вирусы келуі мүмкін деп болжап отыр. Ол - қауіпті. Бұл жұқпалы вирус өзгешелеу дейді олар. Мамандар аймақта осыған дейін тіркелмеген бұл вирусты адам ағзасы қалай қабылдайтынын дөп басып айта алмайды. Өңірде вакцинация науқаны қазанның 1-нен басталмақ. Екпе жасатуға бұқара қаншалықты құлықты? Препараттың бағасы қанша?
Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:
Күн суыта жұрт алдағы қыстың қамына кіріседі. Бұл ретте «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» қағидасын бек ұстану маңызды. Соның бір амалы - вакцинация. Биыл Павлодар өңіріне тұмаудың жаңа түрі келеді деген болжам бар. Эпидемиологтар алдағы маусымында «Сингапур» қауіпті вирусының көптеп тіркеледі деп отыр.
Зайпа Шәдиева, Павлодар облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы:
Бұның ерекшелігі мынау - иммунитет тексеру нәтижесі бойынша біздің халықтың арасында осы штаммға қарсы иммунитет деңгейі төмен болып отыр. Сол себептен тұмаудың кең таралу қаупі бар.
Сондықтан оның алдын алу маңызды, дейді олар. Бұл ретте, тұрғындар міндетті түрде екпе алғаны жөн. Алайда, жұртшылықтың вакцинаға қатысты өз пікірі бар.
Былай ұсынған. Бірақ мен бас тарттым. Балаларым егілді. Ұнайды-ұнамайды деп айта алмаймын. Мәселеге мән бермеппін негізі.
Ауылда тұрғандықтан иммунитетіміз жоғары деп айта аламын. Шаруа қожалығымыз бар. Күнде сүт ішеміз. Сондықтан керек емес.
Екпенің еш пайдасы жоқ деп естігем. Тұмау тез өзгереді дейді. Сондықтан егілудің пайдасы да шамалы.
Ал дәрігерлердің айтуынша, тұмауға қарсы екпеден бас тартатындар шамалы. Қазірдің өзінде сұрап келгендер де бар көрінеді. Өңірде тұмауға қарсы егу науқаны қазанның 1-нен басталады деп жоспарланған. Қазірде бұл шараға бюджеттен 51,5 млн теңге бөлініп, бұған шамамен 59 мың доза вакцина сатып алыныпты.
Айман Серік, эпидемиолог-дәрігер:
Тапсырма бойынша 3-ші емханада 30425 вакцина алады. Бұл вакцина Гриппоплюс. Жасалған елі - Ресей. Яғни бұл вакцина үш валентті және де полимер суббірлікті.
Алматылық дәрігерлері де алдағы маусымдық тыныс жолымен тарайтын
жұқпалы ауруларға қарсы күресті бастап кетті. Қазір әлеуметтік әлсіз топтар мен
ауруға тәуекелділігі жоғары адамдар тегін вакцина ала алады. Екпе 7 жекеменшік
медициналық орталықта жүргізілмек.
Айзат Молдақасымова, Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау
департаментінің жетекшісі:
Алматыда жағдай мен климатқа байланысты аурудың ең
асқынған кезеңі қаңтар мен ақпан айларына келеді. Бірақ біз мамыр айына дейін
мониторинг жүргізіп, мұны бақылауда ұстап отырамыз. Бірінші қазан айынан бастап
арнайы контингентке арнап, әкімшіліктің көмегімен 90 мың доза ресейлік вакцина
алдық. Соны бастаймыз.
Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:
Тұмауға қарсы екпені созылмалы ауруы бар балалар, жүкті әйелдер, медициналық қызметкерлер мен жабық мекемелерде тұратын адамдар тегін ала алады. Ал, ақылы түрде салғысы келген павлодарлықтар үшін оның бағасы 1 600 теңгеден 3 жарым мың теңгенің арасында болмақ.
Мұхитова А.