$494.87 €520.65 ₽4.91
×

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары арнайы сапармен Алматы қаласына келді

AstanaTV
19.09.2018ж. 20:00
3046
«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары арнайы сапармен Алматы қаласына келді

Президенттің бес бастамасын жүзеге асыруда жергілікті биліктің қолдауы қажет. "Нұр Отан" партиясы төрағасының орынбасары бастаған топ бастама бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Олар жағдайына көңіл бөліп, шағын кәсіп иелерінің ұсыныстарын тындады. Баспанамен қамту бағдарламасының да бүгінгі тынысымен танысты.   

Мәулен Әшімбаев алдымен жатақханалардың жайын білді. Қазақ инженерлік технологиялық университетінің жатақханасы 400 орындық. Онда барлық жағдай жасалған. Ал Медициналық университеттің жаңа жатақханасы 600 студентке пана болмақ. Оқу орны биылға дейін 2500-ге жуық студентке жағдай жасай алмай келген еді.

Меруерт Батай, С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ 3 курс студенті:

Студенттердің білім алуымен қатар, бос уақыттарын тиімді өткізуге көптеген жағдайлар жасалған. Сонымен қатар заман талабына сай жаңа технологиялармен қамтамасыз етілген. Асханамыз, кір жуатын бөлмелер, барлығы студенттердің жайлы өмір сүруі үшін қарастырылған.

Партия төрағасының бірінші орынбасары мегаполисте студенттер қатары қалың, сол себепті әр оқу орнында жатақхана жетіспеушілігі айқын сезіліп келгенін айтады. Бірақ Елбасы бастамасымен оны шешу жұмыстары жүйелі қолға алынған. Дәл осындай бастаманың бірі - кәсіп иелеріне шағын несие беру. Бүгінде қаладағы 80 жоба осы бағдарлама аясында мақұлданса, 20-ы қарастырылуда. Стоматологиялық орталығына жаңа жабдықтар алған Динара Қазиева әлеуметтік бағдарламаның дер кезінде қабылданғанына қуанышты.

Динара Қазиева, жеке кәсіпкер:

Біз 2017 жылы осы әлеуметтік бастама аясында шағын несие алып, орталығымызды жаңа жабдықтармен жаңарттық. Осылайша, өз келушілерімізге жұмыс сапасын жоғарылатып, жақсы қызмет көрсетудеміз. Әрине, мұндай қолдаудың болғанына  алғысымыз шексіз.

Мәулен Әшімбаев «7-20-25» бағдарламасымен «Алмалы» тұрғын үй кешенінен баспаналы болғандарды құттықтады. Ал жаңа пәтерге кіргендер Президент бастамасын жоғары бағалады.

Гүлвира Жұмабекова, жаңа пәтер иесі:

«7-20-25» бағдарламасы аясында осы жерден пәтер кілтіне ие болып отырмын. Ақшамды ұзақ жинадым. Бірақ осы бағдарлама шыққан кезде қуанғанымнан бірден  өтініш беруге жүгірдім. Осылайша, бір бөлмелі пәтер кілтіне ие болып отырмын.

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Жалпы, бүгінгі күнде халық Елбасының бес әлеуметтік бастамасына риза. Және біз барған барлық өңірлерде өздерінің ризашылықтарын білдіріп жатыр. Өйткені Елбасының осы әлеуметтік бастамасы біраз мәселелерді шешуге септігін тигізуде. Сондықтан біздің партиямыз ары қарай да осы бес әлеуметтік бастама толықтай, уақытылы жүзеге асырылуына өзіміздің үлесімізді қосатын боламыз.

Сапар аясында Бес әлеуметтік бастаманың жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі қоғамдық кеңес отырысы өтті. Онда партия мүшелері бастамаларды жүзеге асыруда жергілікті биліктің қолдауы қажет екенін баса айтты.

Нұржақып О.