Ал осы Ақтөбеде оқушыларды мәжбүрлеп жеке мектепке ауыстырмақ болған екі мектеп әкімшілігі мен қалалық білім бөлімі басшыларына шара қолданылады. Мәселеге облыс прокурорлары араласты. Олар «Білім беру туралы» Заңды өрескел бұзған деп отыр. №63 және 64 орта мектеп пен қалалық білім бөлімі басшылығына шара қолдану үшін әкімдікке ұсыныс жолданған.
Жасұлан Дәулембаев, Ақтөбе облыстық прокуратурасының аппарат басшысы:
ҚР «Білім беру туралы» Заңының 47-бабының 1-тармағында азаматтардың білім беру мекемелерін еркін таңдау құқықтары қарастырылған. Осыған орай оқушылар құқықтарын қорғау мақсатында прокуратурамен Ақтөбе қаласы әкімдігіне ұсыныс енгізілді.
Бұған дейін ата-аналар 63 және 64 орта мектеп басшылары оқушыларды жеке мектепке көшіруге мәжбүрледі деп шағымданған еді. Бұған «Сымбат» жеке мектебі қалалық қазынадан 650 оқушыға мемлекеттік тапсырыс алғаны және уақытында бала жинай алмағаны себеп болған. Мемлекеттік тасырысты шаһарда үш мектеп конкурспен ұтып алған. Әр оқушы үшін айына 20 мың теңгеден төленетінін айтқан едік.