Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Құрманғазы

AstanaTV
22.09.2018ж. 20:00
9804
Құрманғазы

Биліктің күнтізбесі бойынша биыл Құрманғазы бабамыздың 200 жылдығы. Әйтсе де оның туған жылы 1823 жыл деп, деректер келтірген ғалымдар бар. Олардың дәйектері қайда қалады, сонда? Мерейтойды ұйымдастырушылар «бұл дерек жалған» десе, неге ғылыми негіздеп бермеді... Дегенмен елдің әр түкпірі Құрманғазы бабамыздың 200 жылдығын атап өтіп жатыр. Оралда 1700 домбырашы бір мезетте «Балбырауын» мен «Адайды» тартып, жай бейнежазбасын көрген біздің арқамыз шымырлап, күйдің сөзбен сипаттап бере алмайтын күйіне түстік.  

Қолға домбыра алғандардың арасында түрлі сала қызметкерлері, оқушылар мен студенттер, өнерпаздар, зиялы қауым өкілдері мен қарапайым тұрғындар да бар. Құрманғазы бабамыздың қос ғасырлық тойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып жатыр. Алайда жаңа айттық, біз бабамыздың өміріндегі ақтаңдақтарды әлі анықтай алмай жүрміз. 

Дариға Мұштанова, ақын: 

Зерттеулерде табиғилық жетпейді, тек қана ғылыми тілмен сөйлейді. Табиғи, халықтың жүрегіне жақын, оқығанда жатталып қалатын етіп, етене жақын етіп бере алмай етіп жүрміз, Құрманғазыны. Құрманғазыны тек қана күйші, ол күрескер, ноқтаға басы сыймаған дейміз де, қалай сыймады, қалай өмір сүрді, неге күйінді, неге сүйінді, қай оқиға қалай болды? Соны біз кәдімгі халыққа жақын тілмен жеткізе алмай жүрміз ғой. Құрманғазы туралы жазылған дүние көп. Ғылыми мақалалар. Сосын ақындардың шығармалары. Ал оны екінің бірі оқи бермейді.

Күйшінің туған жылына қатысты түрлі деректер өріп жүр. Осының кесірінен Атырау облысы Құрманғазының 175 жылдығын 3 рет атап өткен! Кезінде теңгемізде Құрманғазы Сағырбайұлының 1818 жылы дүниеге келгені жазылған. Бірақ біздің қолымызға түскен деректер басқаша сөйлейді. Бұл - осыдан 22 жыл бұрынғы құжат! Өнерге шын жанашыр жанның арқасында сол құжаттың көшірмесін жариялап отырмыз. Сонымен, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясына қарасты М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында құрылған сараптау комиссиясының шешімінде былай делінеді:  

"Атырау облысынан жолданған құжаттарды саралай отырып, сарапшылық комиссия М. Джоланов, И.Кенжалиев, У.Рахматуллиннің пікірлерін қолдайды. Астрахань облыстық архивіндегі құжаттарда көрсетілгендей Құрманғазы Сағырбаев 1823 жылы туып, 1896 жылы дүние салған". 

Ғылым министрі – ҚР ғылым Академиясының президенті В.С.Школьник. 

Астрахань облысында түрмеде отырған Құрманғазы Сағырбайұлы туралы табылған тың деректер осылай дейді. Түрме құжаттарында Құрманғазы 1882 жылы 59 жаста деп көрсетілген. Демек, ұлы күйші 1823 жылы дүниеге келіп, 1896 жылы өмірден өткен. 

Дариға Мұштанова, ақын: 

Оның тылсымы көп, Құрманғазының сыры көп жұртқа айтатын. Соның ішінде туған жылын анық білмей отыр деу мүмкін емес. Құжаттары да бар, бәрі де дәлелденген. Бірақ та бір тылсымның күшімен, Алланың пәрменімен осы Құрманғазының туған жылы бес жыл әрі, бес жыл бері ойнайды да тұрады. Ол да Құрманғазының қасиеті деп ойлаймын. Құрманғазыдай ұлы тұлғаның туған жылын екі рет емес, үш реттен тойлап тұрса да он жыл сайын, артық болмайды ғой ойлаймын. Себебі, Құрманғазының атын атаған сайын, Құрманғазының күйін тыңдаған сайын қазақ рухтанады, ал рух бізге артықтық етпейді. Ол қайта-қайта қолға түсіп, Алланың пәрменімен құтылып кете берген. Қалай құтылып кеткенін білмейді. Дәлелдей алмайды. Қанша зерттеушілер қолға түскенін, ұсталғанын айтады да, қалай шығып кеткенін... оқып отырғанда «ал енді болды-ау, ал енді Сібірге айдалды-ау» деп отырасың, ол ғайыптың күшімен құтылады да тұрады. Мүмкін солай бір ажалдан аман қалған шығар, шынжырмен байлап тұрған бұғаудан бытырлатып тұрып үзіп кеткен, өнердің құдіретімен. Содан болар туған жылы екі рет белгі берген болар деп ойлауға болады.

Ел болып тойлап жатқасын, ақын апайымыз поэтикалық тұжырым айтқан шығар? Бірақ негізгі тариxи шындық осы. Бір ғасырдың өзі қас-қағым сәт саналатын кәрі тарих үшін Құрманғазы - күні кеше дүниеден өткен адам. Сондықтан кейінгі буын жаңылыспас үшін мұны мистикаға айналдырмай, нақты фактілерге мұқият болған абзал. Тарих жалғанды бәрібір жалаңаштайды.