Ақтауда
жұрт тынығатын Каспий жағалауы күн өткен сайын кәдімгі базарға айналып барады.
Алдымен тұрғындар балалардың алаңдарын басып алған сатушыларға шағым түсірген
болатын. Кейін әрлі-берлі жүйткитін әуесқой велошабандоздарға қатысты
наразылықтарын білдірді. Осылай деп шағымданған жергілікті халық, аталған мәселелер
бірте-бірте шешілсе де, тамырына түбегейлі балта шабу мүмкін болмай отырғанын
айтады.
Теңіз
жағалауында кеш бастала тіршілік қызады. Бірі тынығуға шықса, енді бірі ақша
табу үшін күмәнді ойыншықтар мен тағам түрлерін саудалайды. Тағы біреулер батут
сынды шағын ойын алаңдарын орнатып, балаларды қызықтырады. Оған қоса жүйткітіп,
велосипед тебетіндер де аз емес. Былтыр жергілікті тұрғындар кәсіпкерлердің
үстінен шағым түсіріп, билік өкілдері бұл жерде бірер күнде тазалық орнатқан
болатын. Ал биыл бұл проблема қайта туындап отыр.
Велошабандоздардан
бұрын сатушылар әбден мазамызды алды. Олар теңіздің суын жасанды бассейндерге
құйып, жұртқа балық аулатқызады. Бұл қызметтері үшін қанша ақша алатындарын
білмедім. Бірақ бұл қылықтары орынсыз.
Бұқара
ресми сайттар арқылы қалалық органдар мен мекемелерге өкпе-наздарын
жолдағандарын айтады. Осыдан кейін Ақтау прокуратурасы ішкі істер басқармасына
«теңіз жағалауында саудамен айналысып жүргендерді тексеруге» нұсқау жіберген.
Мәлік
Оспанов,
Ақтау қаласы прокуратурасы 1-бөлімнің бастығы:
Бұл
факті бойынша ішкі істер органдарының қызметкерлері кассалық
аппараты жоқ, заңсыз сауда жасаған 32 жеке тұлғаны анықтады. Олардың бәрі әкімшілік жауапқа тартылып,
5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.
Бұдан бөлек, теңіз жағалауында арнайы полиция бекеттері орнатылды. Алайда,
тәртіп сақшыларының нұсқауларына бей-жай қарайтындар аз емес. Мәселен, міне, полиция қызметкері батут иесіне келіп, ескерту жасап жатыр. Кәсіпкер балаларды
жіберіп, ісін доғарған сыңай танытты. Дегенмен, көп ұзамай батутты басқа жерде
орнатып алған. Бірақ жергілікті билік өкілдері жағалаудағы басты проблема
- кәсіпкерлер емес, әуесқой
велошабандоздар дейді.
Кирилл
Осин,
Ақтау қаласы әкімінің жанындағы қоғамдық кеңес мүшесі:
Жағалаудағы велосипед
жүргізушілерінің тәртіпсіздігіне байланысты бізге көп шағым түсіп жатады. Соңғы кезде
балалардың жарақат алуы көбейген. Мәселен, таяуда велосипедпен баланы басып
кетіп, ол аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді. Демалыс орнында көптеген
велосипедтердің жалға берілетінін көреміз. Алайда, әзірге бұл мәселені шешу
мүмкін болмай отыр.
Бір
қуанарлығы - бұдан былай демалыс және мереке күндері автокөліктердің жағалауда
жүруіне тыйым салынды. Ал жұмыс күндері кешкі сағат 5-тен 11-ге дейін теңіз
жағалауында темір тұлпармен жүруге болмайды. Шенеуніктер осыдан кейін халық көп
жүретін жерлерде велосипедтерді жалға берушілердің де азаятынына сенеді.
Абзал
ҚҰРМАНКИН