Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Өртенген «Адем» саудагерлері арасында жік шықты

AstanaTV
09.07.2015ж. 20:00
1252
Өртенген «Адем» саудагерлері арасында жік шықты

Өртенген «Адем-1» сауда үйінің шығынға ұшыраған саудагерлері жікке бөлінді. Бүгін Алматыда БАҚ өкілдерін жинаған кәсіпкерлер өзара дауласып кетті. Бір топ уақытша сауда орнын салып беруді қолдаса, екінші топ келтірілген материалдық шығынды алып, «Адеммен» ат құйрығын кеспекші.

Өрттен зардап шеккендер баспасөз маслихатын өткізбек болып ақпарат құралдарын жинаған. Олар «Адем» сауда үйінде өртке қарсы аудит жүргізуді талап етіп отыр. "Сонда тілсіз жаудың шығу себебі анықталып, нағыз кінәлі тұлға заңды түрде жауапқа тартылады",- дейді. Олардың айтуынша, өртенген ғимартта кәсібін дөңгелетуге заңды құжаты қолдарында бар кәсіпкерлерге шығын түгел қайтарылуы тиіс.

Маған 6 шаршы метр орын берсе, оған риза боламын. Бірақ мындағылар маған сені тізімнен алып тастадық деп отыр. Құжаттарым заңды болып, сотқа барғаным үшін, мені бұлар бопсалап отыр. 

Ал, екінші тараптың ойынша, шығынды қайтарғанша, көп уақыт өтеді. Сондықтан, керісінше, сауда орны әкімшілігін қолдау керек.

Рысбеке Айсалбаева, «Адем -1» сауда орталығының саудагері:

Тек қана жұмыс орнын алу керек бізге. Орнымызды алайық, жұмысымызды бастайық. 700-дей адам жұмыс орнымызға құдайдай қарап отырмыз. 3-4 адам, көрдіңіздер, осылай палатаға барсақ та, ауызымызды жабады.

Юлия Глотова, «Адем -1» сауда орталығының саудагері:

Сауда орнының әкімшілігі біздің барлық талабымызды қанағаттандырып отыр. Тек екінші тараптың адвокаты мәселені ушықтырмағанын қалар едім.

Осылай деген саудагерге қарсы жақтың жақтаушылары тағы да өре түрегелді. Олар сауда орнында тағы да төтенше жағдай орын алмайтынына ешкім кепіл бола алмайды дейді.

Айгүл Әбдірешева, «Адем -1» сауда орталығының саудагері:

Олар материалдық шығынды даулауға мүдделі емес. Өйткені құжаттары өртенген. Бірақ мен ақшамды қайтарып аламын. Мен олардың жаңа сауда орнына қызықпаймын. Өйткені тағы да өрт қайталанбайтынына кім кепіл.

Дегенмен шамамен 700-дей саудагерге «Адем» сауда орталығының шоғырланған жерінен уақытша орын тамыздың 25-інде берілмек. Сауда орталығының басшылары алғашқы алты айға жалға ақша төлемей тегін саудаларын қыздыруға уәде беріп отыр.

Сергей Грибинник, «Адем-4» уақытша ғимарат жобасының жетекшісі:

Күмбезді ғимарат минус 70 градустан, плюс 50 градусқа дейінгі ауа температурасына шыдас беретін болды. Оған қоса өрт сөндіру, электро-су жабдықтарымен, жүйелермен қамтылған. Желдеткіште, жылу беретін қондырғыдлар да бар.

Тараптардың дау-дамайы кімнің жеңісімен аяқталатыны әзірге белгісіз. Еске салайық, Алматыдағы «Адем-1» ірі сауда орнында 26 сәуірде өрт шыққан болатын. 25 мың шаршы метрді шарпыған қызыл жалын салдарынан 2 мың кәсіпкердің 3 мыңға жуық дүңгіршегі өртеніп кетті. Қазір аталған дерек бойынша тергеу амалдары жалғасуда. Сақтандыру компаниясының өкілдері өрттен келген шығын 5,3 млрд теңге болуы ықтимал деген еді.

Айгүл ЕРМАХАН