Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Атырауда жаңа туған нәрестеге екпе салдырмау «сәнге» айналып барады

AstanaTV
09.07.2015ж. 20:00
2278
Атырауда жаңа туған нәрестеге екпе салдырмау «сәнге» айналып барады

Халықтық трагедия. Балаларға вакцина салғызудан жаппай бас тарту үрдісінің белең алуын атыраулық дәрігерлер осылай деп бағалап отыр. Түсіндіру жұмыстары қанша жүргізілгенімен, ата-аналардың райынан қайтпауы, ақ халаттыларды алаңдатады. Мәселен, былтыр облыста 309 сәбиге ата-анасы екпе салғызудан бас тарса, биылғы жарты жылдың өзінде 306 балаға екпе жасалмаған. Атыраулық тілшіміз Базаргүл Нәдірқызы екпеге қарсы ата-аналармен кездесіп, себебін біліп қайтты. 

Есімін де, жүзін де жасырған 29 жастағы мына келіншек жаңа туған нәрестесіне екпе салғызудан үзілді-кесілді бас тартты. Дәрігерлердің кеңесін де құлаққа ілгісі жоқ. Айтуынша, екпеден соң бала денсаулығына қауіп көп.

Интернеттен неше түрлі жағдайларды көріп жатырмын. Баланың сал болып қалғанын. Екпеден кейін құлақтары естімей қалған, мұрыны өсіп кеткен. Бұрыннан бала тумастан бұрын да көріп жүрдік . Өзімнің баламның денсаулығы үшін, денсаулығын қорғау үшін сондай нәрсеге бардым. Прививка алмаймын деп. Жолдасым да отказ берді. Мен бірінші баламда да отказ жасадым, екінші қызымды да отказ жасап тұрмын.

Екпеден бас тарту - сәбидің болашағына балта шабумен бірдей, - дейді облыстық перзентханадағы дәрігерлер. Олар: "Нәрестенің дүниеге келген алғашқы 12 сағатта және 3 күнге дейін салынатын гепатит пен туберкулездің алдын алатын екпенің қажеттілігін білмейді", - деп ашынады. Мәселен, тек былтырғы алты айда осы перзентханада 98 сәбиге ата-анасының қарсылығымен екпе салынбаса, биыл 177 сәби қауіпті аурулардан қорғанатын вакцинаны алмаған. Дәрігерлердің айтуынша, бас тартушылардың 90 пайызы дін жолында жүрген отбасылар.

Алмира Сабырғалиева, Атырау облысы перзентханасы бас дәрігерінің бала ісі жөніндегі орынбасары:

Вирусты гепатитті алмаған жағдайда, асқынулары цирроз печени, рак печени, соған әкеп соқтырады. БЦЖ алмаған туберкулез ауруына әкеп соқтыруы мүмкін. Бүгінгі күнге халықтық трагедия деп айтуға болады.

Мына қалың папка бас тартушылардың арыздарына толы. Өз дегендерінен қайтпайтын ата-аналар арызды тіпті нотариалды куәләндіріп тапсырады екен. Атыраулық нотариустар мұндай қызмет үшін екі мың теңге алады. Бірақ барлығы емес. Нотариустардың тағы бір тобы бұл кәмелетке толмағандардың құқын бұзу деп есептейді.

Аякөз Хамиденова, нотариус:

Мұндай арыздарды куәландырмаймыз. Бұл кәмелет жасына толмағандардың мүддесін бұзу болып табылады. Сондықтан мен мұндай арыздарды куәландырмаймын. Бірақ бізге ондай өтініштермен көп келеді. Олардың көбі діни жолда жүргендер. Орамал тартып, хиджап киетіндер.

Атырауда вакцианадан бас тартатын ата-аналармен жұмыс - екпенің пайдасы туралы бейнероликтер көрсету мен дәрігерлер кеңесінен әрі аспайды. Өйткені мәжбүрлеп егуге еш құқымыз жоқ, - дейді облыстың бас педиаторы.

Гүлфара Өмірбаева, Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының бас маманы:

Біздің Конституциямыз бойынша екпе алу, алмауы өз еркінде деп жазылған. Яғни бір-біріне қарама-қайшы болып тұр. Біз ештеңе істей алмаймыз. Өз еркі адамның.

Айта кетейік, соңғы кезде аймақта қызылша дерті белең алып барады. Мәселен, өткен жылы қызылшаға шалдыққан 23 науқас тіркелсе, биылғы алты айда 44 адам дәрігерге шағымданған. Гүлфара Өмірбаеваның айтуынша, олардың барлығы дерлік - қызылшаға қарсы екпе алмағандар.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ