Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Ғалымдар Қызылорданың климатына бейімделген арпаның жаңа сұрыптарын шығарды

AstanaTV
09.07.2015ж. 20:00
1678
Ғалымдар Қызылорданың климатына бейімделген арпаның жаңа сұрыптарын шығарды

Қызылорда облысының ғалымдары жаздық арпаның жаңа сұрпын шығарды. Аймақтың топырақ-климаты мен агроэкологиялық жағдайын ескере отырып, соңғы үш жылда жүргізілген селекциялық жұмыс нәтижесінде жаздық арпаның «Сыр аруы», «Іңкәр», «Шахристан», «Қайсар» атты сұрыптары шықты. Пісімі тездігімен ерекшеленген жаңа сұрыптың өнімділігі де стандартпен салыстырғанда 15 центнерге артық көрінеді. Арпаның жаңа сұрпы аймақтағы мал шаруашылығын құнарлы азық дақылымен қамтамасыз етуге де мүмкіндік бермек. Күріш ғылыми-зерттеу институтының егістіктерінде жасалып жатқан зерттеулер жайлы әріптесім Шарипа Сақтапова толықтырады. 

Аймақта мал шаруашылығына құнарлы, жергілікті климатқа барынша бейімделген мал азық дақылдарын өндіріске енгізу мақсатында, ғалымдар арпаны зерттеуге үш жыл бұрын кіріскен. Себебі сырттан алынатын сұрыптың жерсінуі екіталай. Сондықтан ауқымды селекциялық жұмыстардың нәтижесінде арпаның төрт бірдей сұрпы пайда болды. Қалған сұрыптармен салыстырғанда, жаңа дақыл 10 күн ерте піседі.

Жанұзақ Байманов, Ы.Жахаев атындағы күріш ғылыми-зерттеу институты білім тарату орталығының жетекшісі:

Бүгінгі өнімділігі 40 центнерге жетіп отыр. Бұл енді, егер де өндіріске енгізілетін жағдайда, шаруашылықтардың суды үнемдеумен қатар, жақсы пайда табуына себепкер болады.

Бастысы, арпаны суармай, күріштің былтырғы атыздарына еккен. Бұл сұрыптарды облыс бойынша 15 мың гектар жерге егуге болатындығын ғалымдар дәлелдеп отыр. Алға қойған тағы бір мақсат - суды барынша үнемдеп, жер ресурстарын тиімді пайдалану. Ғалымдар бір жерге науқан ішінде екі дақыл егіп, өнім алуға болатының дәлелдеуге кірісті. Арпаны жинап болған соң, сол егістіктерге жүгері мен тары егуді жоспарлап отыр. Нәтижесінде су 30-35 пайызға дейін үнімделеді деген есеп бар.

Серікбай Өмірзақов, Ы.Жахаев атындағы күріш ғылыми-зерттеу институтының бас директоры:

Бұл жерде өзінің табиғи ылғалдығын пайдалануға болады. Осындай күріштік ауыспалы жерлерді, алқаптардың барлығының біз ғылыми түрде тиімділігін дәлелдеп отырмыз. 1-2 күнде жүгері дақылын силостық мақсатта, сосын просоны егейін деп отырмыз. Бір жылда екі өнім алуға толық болатынын біз толық дәлелдеп отырмыз.

Сонымен қатар, ғалымдар қазір бидай мен сұлының мыңға жуық отандық және шетелдік сұрып үлгілерін зерттеп жатыр. Ал келесі жылы жергілікті селекция жұмыстары нәтижесінде бидай мен сұлының бір-бір сұрпынан мемлекеттік сұрып сынағына беру жоспарлануда.

Шарипа САҚТАПОВА