$498.51 €522.84 ₽4.81
×

«Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жыл басынан бері 2 мыңнан астам азаматтың өтінішін қарады

AstanaTV
04.11.2015ж. 20:00
1364
«Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жыл басынан бері 2 мыңнан астам азаматтың өтінішін қарады

Қызылордалық кәсіпкер Рамазан Алтаев айрықша істі қолға алмақ. Ол тұрғындар мен қонақтардың Сырдария өзені арқылы кемемен жүзуіне жағдай жасауды жоспарлап отыр. Кәсіпкер бұл бастаманы жүзеге асыруға «Нұр Отан» партиясының көмегімен қол жеткізді. Партияның шарапатын көрген азаматтар Сыр өңірінде баршылық. 

Бұл қырық жылдай бұрын Арал теңізінде жүзген кеме. Саяхатшыларды қыдыртып, шағын аралдардағы балықшыларға керекті жабдықтарын тасыған. Шалғай ауылдарға азық-түлік, ал орталыққа науқастарды жеткізген де осы су көлігі болатын. Кейін Аралдағы басқа кемелер сияқты қайраңдап қалды. Рамазан Алтаевтың Сырдариямен туристерді серуендету идеясы болмағанда, кеме әлі күнге тот басып жағада тұрар еді.

Рамазан Алтаев, кәсіпкер:

«Нұр Отан» партиясына кіріп, өтініш жасадым. Бір жылға пайдалануға, келешекте сатып алуға. Қыстай күрделі жөндеуден өткізіп, көктемге қарай сыртқы бояуларын барлығын бояп, көктемде, Құдай каласа, Сырдария өзеніне салып, адам тасымалдауға пайдалансам ба деп отырмын.

Кәсіпкер облыс орталығынан шыққан жолаушылар мен туристерді жүз шақырым қашықтықтағы Тартоғай елді мекеніне өзен арқылы жеткізуді көздейді. Көксу өзенінен шағын аралды жалға алған Рамазан жазда демалыс орнын ашуды жоспарлаған. Оған қоса, жас теңізшілер дайындайтын мектеп ашпақ ниеті бар.

Рамазан Алтаев  кәсіпкер:

Елу балаға дейін окытамын. Бұл мамандықтар қазір сұранысқа ие болады деп есептеймін. Өйткені Арал теңізі қайта толып жатыр. Мұнда оқыған балалар нағыз капитан болып өседі деп ойлаймын.

Нұротандықтар қалаға қарасты Қызылжарма ауылындағы күрмеулі мәселелердің оң шешім табуына да сеп болды. Елді мекендегі ауыз су жайы толық шешілді. Су құбыры ауылға  тартылып қойғанымен, қысымы төмен болатын. Түрлі мекемелердің табалдырығын тоздырған ауылдықтар «Нұр Отан» партиясы аймақтық филиалының қоғамдық қабылдауына шағымданған.

Тоня Қожахметова, Қызылжарма ауылының тұрғыны:

Бір ай бұрын арыз жазғанбыз, «Нұр Отан»  партиясына суымыз жайлы. Нәтижесі, міне, су, жарық бәрі болып тұр. Суымыз, мінекей, ағып тұр сарылдап. Бұрын суды ішпек түгелі кір жуа алмайтынбыз, ыдыс жуа алмайтынбыз. Қәзір, Құдайға шүкір, су ағып тұр.

Тұрғындар «Нұр Отанның» қоғамдық қабылдауына көбіне жұмыс, жалақы, келтірілген залалды өтеу мәселесімен келеді. Баспана мен жер телімін алуда көмек көрсетуін сұрап өтініш жасайтындар да бар.

Шәріп Әбдірахманов, «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі:

Жыл басынан бері  2 622 өтініш, арыз-шағым тіркелді. Ауқымды мәселенің бірі болып тұрған - жұмыспен қамту. Оның ішінде -жастарды жұмыспен қамту. Оларды мүмкіндігінше жастар бағдарламасы бойынша қоғамдық негіздегі жұмыстармен қоса жәрмеңке,  «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша да акциялар арқылы жұмыспен қамтуға ықпалын жасап жатырмыз.

Өтініштердің тоқсан пайызы оң шешімін тапқан. Әрбір тұрғынның шағымы мұқият зерттеуді, әртүрлі келіссөздерді, көп еңбекті талап ететін жұмыс,- дейді Шәріп Әбдірахманов. Десе де Рамазан Алтаевтың теңізшілер мектебін ашу сияқты тың бастамалары көпке үлгі. Сондықтан партиялықтар мұндай жандарға көмек қолын созудан аянбаймыз деп отыр.

Шарипа САҚТАПОВА