Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Жаппай уланды деген диагнозбен ауруханаға түскен оралдық оқушылар үйлеріне жіберілуде

AstanaTV
05.11.2015ж. 20:00
1088
Жаппай уланды деген диагнозбен ауруханаға түскен оралдық оқушылар үйлеріне жіберілуде

Оралда өздерін жайсыз сезініп жаппай ауруханаға түскен  оқушылардың алды емдеу мекемесінен шығарыла бастады. Дәрігерлер олардың жағдайы қанағаттанарлық деп отыр.  53 бала әлі де дәрігерлердің бақылауында болмақ. Ата-аналар болса, балалардың жаппай улануына кінәлілердің тиісті жазасын аларына сенімді. 

Флюра Саматова, БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

Табылған диагноз - дизентерия, сонымен қатар балалардың қолдарындағы карточкаларында бәрі де жазулы. 76 бала шығарылып жатыр, яғни олардың жағдайы қанағаттанарлық деп бағалануда. Сонымен қатар бұл балалар ауруханадан шыққаннан кейін әрі қарай амбулаторлық емді жалғастыратын болады.

Бейбіт Уахитұлы, оқушының әкесі:

Бұрын-соңды болып көрген жоқ. 7 жылдан бері оқып жатыр. Ешқандай тамақтан ештеңе ондай болған жоқ. Соның бәріне есіміз танып қалды. Қазір жағдайы жақсы. Дәрігеріне жолығып, үйге алып бара жатырмын.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Оралдағы дарынды балаларға арналған мектепте кешкі астан соң өздерін жайсыз сезінген балалар 30 қазанда бірінен соң бірі ауруханаға түскен еді. Олардың саны бүгінде 129-ға жетті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменов тексеру жұмыстары кезінде асханадан сальмонелла қоздырғышы табылғанын мәлімдеді. Ал күні кеше мектеп басшылығы  балалардың улануына мектеп асханасының түк қатысы жоқ екендігін айтып ақталды.

Еркін КАРИН