$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Қызылжарда мемлекеттік бағдарлама арқылы салынған үйдің шатырынан су өтіп жатыр

AstanaTV
06.11.2015ж. 20:00
1701
Қызылжарда мемлекеттік бағдарлама арқылы салынған үйдің шатырынан су өтіп жатыр

Қызылжарда "Қолжетімді баспана-2020" мемлекеттік бағдарламасы бойынша тапсырылған көпқабатты үйдің шатырынан су сорғалап тұр. 93 пәтерлі баспанаға сәуір айында ғана кірген тұрғындардың айтуынша, төбе жабындысы сапасыз жасалған. Қар жауғалы бері мұндағылардың әбігері көбейді. Кезектесіп үйдің төбесіне шығатын тұрғындар оны тазалап тұруға мәжбүр. Абзал Құрманкин әңгімелейді. 

Александр Токарев, жаңа баспанаға кіргелі мазам қашты, деп отыр. Пәтерінің төбесі әбден сарғайып кеткен. Жаңбыр жауса да, қар түссе де, төбені аңдумен күнім өтеді,- дейді ашынған отағасы.

Александр Токарев: 

Күзгі жаңбыр басталғанда, төбемізден су аққан, содан бері тоқтамады. Қазір бүкіл бөлмелердің төбесі дымқыл тартып тұр. Мердігерлерге телефон шалдым. Алайда олар бір-екі саңылауды бекітіп тайып тұрады.

Абзал Құрманкин, тілші:

Мердігерлердің қырық өтірігінен шаршаған тұрғындар қазір өз беттерінше тірлік қыла бастады. Кейбіреулері ара-тұра шатырға шығып қарды тазалап отырса, енді бірі өз пәтерлерінің үстінен полиэтиленді төсеп тастаған. Сорақысы сол, дымқыл болып қалған мына минералды мақта деп аталатын материал үйдегі бүкіл жылуды ұстаудың орнына енді суық тартатын болды.

Шұрық тесік шатырдан қар да кіреді, су да ағады. Жауапты тұлғалардың салғырттығынан осындай күйге түстік деген жұрт жергілікті әкімдікке сан рет барған. Алайда атқамінерлердің тарапынан қарекет жоқ, - дейді.

Ахметжан Әбілмәжінов:

Бірінші, су аққасын біз акиматқа бардық. Анау әлгі құрылыс бөлімі деген бар. Олар, жарайды, шешеміз-шешеміз деп, жүре берді. Міне, бүгін алтыншы қараша, әлі мәселе ешқандай қимыл жоқ.

Шенеуніктер  бұл проблеманы жүйелі түрде шешетіндерін айтты. Мердігерлерден кеткен олқылық болса, бірден жөндетеміз деп, уәде берді.

Серік Сабыралин, Петропавл қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

Барлық комиссияны жинап, технадзорды, сосын проекттың авторын жинап, бірге бұл үйде не істелді, не істелмеді, әрі де қандай қателіктер бар, соның барлығын тексеретін боламыз. Мердігер ұйым барлық жұмыстары істейтін болады.

Шенеуніктер, тексеру жұмыстарын алдағы дүйсенбіден қалдырмай, бастаймыз, деп отыр. Құрылысқа жауапты мекеме заңға сәйкес тұрғын үйдің кем-кетігіне екі жыл бойы жауап беруі тиіс. Осыны алға тартқан олар бас мердігердің олқылықтарды жоярына сенеді. 

Абзал ҚҰРМАНКИН