$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Қазақ каскадерлары түрік киносында өнер көрсетеді

AstanaTV
06.11.2015ж. 20:00
2148
Қазақ каскадерлары түрік киносында өнер көрсетеді

«Ертоғрулдың өрлеуі» деп аталатын түріктің тарихи сериалының екінші маусымында қазақ каскадерлары өнер көрсетеді. Оларға маңызды рөлдер ұсынылған. Бес қаруын беліне байлап, ат үстінде ұрыс жүргізу шеберлігін паш еткен олар түрік актерлеріне атқа отыру мен қылыштасу өнерін үйретуде. Тарихи тележоба барысында Осман империясының алғашқы ханы Ертоғрул арқылы сол кезеңдегі оқиғалар суреттеледі. Түсірілім алаңында болған тілшіміз Самат Сүлейдің репортажы.

Жайдарбек Күнқожиев бастаған «Номад» каскадерлары сериалға арнайы шақырту алыпты. Бірнеше ай бойы аттарды дайындағанын айтады. Себебі жылқы жануар түсірілім кезінде жатып-тұруға және шайқаста құлауға үйретілуі тиіс.

Жайдарбек Күнқожиев, «Номад» каскадерлар тобының жетекшісі:

Бұл кісілер кішкене европалық стильмен отырады. Бізде басқаша. Бірақ кинода атқа отырса болды. Басқаша үйрету оңай. Енді бұл жақтағы актерлар дайын екен, мысалы, 6 адамның ішінен 4-5 жақсы отыра алады. Сондықтан бізге жеңілдеу.

Самат Сүлей, тілші:

Бұл түсіріліп жатқан сериал - түріктердің Осман империясын құрмай тұрып, Орта Азиядан Анадолы жағасына қарай көш аударған кезеңін де қамтитын тарихи телесериал. Алғашқы бөлімі былтыр басталған, биыл екінші маусымы жалғасуда.

Продюссерлердің айтуынша, сериал үш бөлімнен тұрады. Бірінші маусымдағы 30 бөлімнің рейтингі жоғары болған. Мұнда қазақ каскадерлерінің еңбегі ерен.

Мехмет Бозда, продюсерлік компанияның директоры:

«Номад» тобы өздерінің шеберлігімен туындымызды жандандыра білді. Рөлдер мен тапсырмаларды әдемі орындап шықты. Бауырлас елдің арасын жалғайтын екі мемлекетке ортақ бір жоба жасауға келістік.

Тарихи сериалда, селчуктердің Анадолы жеріне қоныс аударуы, Осман империясының құрылуы және соған дейінгі шайқастар қамтылмақ. Атты әскер мен найза-қылыш ұстаған жауынгерлерге артылар жүк ауыр. Кинода шайқастың шынайы болуы маңызды.

Жавит Четин Гүнер, түрік актері:

Мен жауынгер болғандықтан, үнемі соғыс ортасында жүрем. Қолымда қылыш, астымда ат. Осы рөлдерді шеберлікпен сомдап шығуымызға «Номад» тобының еңбегі зор. 

Эсра Билгич, түрік актері:

Атпен шауып, кейде қылыштасып, садақ атамын. Бұл міндетті орындау үшін қазақ каскадерлерінен арнайы сабақ алдық. 

Голливудты бағындырып, олжалы оралған номадтықтар ат үстінде өнер көрсетіп қана қоймай, биіктен секіру мен қарулы қақтығысты ұйымдастырудың хас шебері ретінде танылған.

Самат СҮЛЕЙ