$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Ресейлік А321 ұшағының құлағанына жеті күн өткенмен оның себептері әлі де белгісіз

AstanaTV
07.11.2015ж. 20:30
1480
Ресейлік А321 ұшағының құлағанына жеті күн өткенмен оның себептері әлі де белгісіз

Өткен сенбіде Египеттің Шарм-эль-Шейх қаласынан Санкт-Петербургке ұшып шыққан жолаушылар ұшағының апатқа ұшырап, 224 адамның опат болғаны азаматтық авиация инерциямен қызмет етіп жатқан жоқ па, қауіпсіздік мәселесінде қандай кілтипандар бар? - деген сауалдарды кезекті рет күн тәртібіне шығарады. Сонымен қатар, ап-арзан жолдамалар біз жиі айтатын «арзанның сорпасы» туралы мәтелді еске түсіреді. Чартерлік рейспен айналысатын компаниялардың (кей мүмкін көп ретте)  адамға түкке тұрғысыз тауар сияқты қарайтынын тағы ойлайсың. Сондай компаниялардың негізгі қожайыны жоғары лауазымды шенеуніктердің де болатыны өтірік емес әрине, құжаттарда жазылмайды. 

224 адамның өмірін бір-ақ сәтте қиып түскен қайғылы рейстің апатына бүгін тұп-тура бір апта толды. Қаралы рейс бортындағы 224 адамның соңында қалған мыңдаған адамның қайғысы бар. Ең қорқыныштысы арасы суып үлгермейтін апаттарға адамзаттың еті үйреніп кеткендей. «Пәленбай апаттан 200-300 адам көз жұмды» деп тізіп жазатын болдық. Жыл басынан бері көпке мәлім болған сегіз әуе апатында 649 адам ажал құшыпты. Әлем ресейлік А 321 ұшағының апатын айтып жатқанда, араға төрт күн салып Оңтүстік Суданда тағы бір ұшақ жер құшып, 23 адам көз жұмды. Бірақ әлем оған елең етпеді. «Тағы бір ұшақ құлады» деп қана жылы жапты.

Ресейлік А321 ұшағының құлағанына жеті күн өткенмен оның себептері әлі де белгісіз. Тіпті сұрақ көбейді. Ең алғашқы болжамның бірі, Синай аралы үстінен ұшқан әуе кемесін өздерін «Ислам мемлекеті» деп атайтын содырлар жерден атып түсірді деген себеп жоққа шығарылды. Терроршылардың «апатты біз жасадық» дегендеріне қарамастан, мамандар олардың қолында тоғыз жарым мың метр биіктіктегі ұшақты қағып түсірер қаруы жоқ дейді. Ал ұшақ бортына әлдекім жарылғыш зат алып кірді деген болжам қисынға көбірек келетін сияқты. Американың Stratfor барлау-сараптамалық агенттігінің «жарылыс» болжамын Ақ үй басшылығы мойындағандай. Оның ізін ала Ұлыбритания да осы осы себептермен Шарм-эль-Шейхқа әуе қатынасын тоқтатты.

Дэвид Кэмерон, Ұлыбритания премьер-министрі:

Әрине мен де, менің сарапшыларым да ресейлік ұшақ жүз пайыз террорлық әрекеттен апатқа ұшырады деп айта алмаймыз. Бірақ барлау қызметінің болжамдары қисынды, сондықтан мен Шарм-Эль-Шейхқа қатынасты тоқтату туралы шешім қабылдадым.

Борттағы жарылыс версиясын А321 ұшағының иесі «Когалымавия» компаниясы да алға тартты.

Александр Смирнов, «Когалымавиа» авиакомпаниясы бас директорының орынбасары:

Ешқандай да жүйелік ақау ұшақтың әуеде жарылуына әкеп соқтырмайды. Әуе көлігінің аспанда қирауына тек физикалық немесе механикалық күштің әсер ететіні айқын. Қандай да бір жүйенің істен шығуына байланысты ұшақтың жарылуы мүмкін емес.

Компанияның бүйрегі борттағы жарылыс болжамына көбірек бұратыны түсінікті. Ұшақтың тозығы жетіп, бір кәсіпкердің сараңдығы мен жауапты адамдардың салғырттығынан  224 адам өліпті деген хабар ешкімге абырой әкелмесі анық. «Жарылыс» болжамын қазақстандық ардагер авиаторлар да қолдайды.

Шмидт Сабыров, Қазақстанның ардагер авиаторы:

Мәліметтерге сүйеніп, мен бортта күтпеген жағдай орын алды деген шешімге келдім. Ол, не ұшақ герметизациясының бұзылуы, немесе мамандар айтып отырғандай жарылыс. Апат кезінде не жарылыс болуы мүмкін, немесе экипаждың қалыпты жағдайда жұмыс істеуіне кедергі келтіретін ұйқысырататын газ қолданылуы мүмкін.

Себептер тізімінде техникалық ақау болжамы да бар. Ғаламтор беттерінде жарияланған дәл сол А321 ұшағының мамыр айында жасалған суреттері күдікті күшейте түсті. Фотода ұшақтың құйрығындағы жарықша анық байқалады. Бұл жарықша 2001 жылы Каир әуежайына қону кезінде құйрығымен жер сүзуінің салдары- дейді, білгіштер. Сол кезде ұшақ Француздың «Эйр Бас»  зауытының жөндеуінен өтіпті.

Владимир Куропатенко, Қазақстандық авиатасымалдаушылар қауымдастығының төрағасы:

Ұшақ құйрығымен жер сүзсе оның артқы бөлігі толық шешіліп тексеріледі. Бұл жұмыстар ұшақты құрастырушы зауытта жүргізіледі. Олар ақауды микроскоппен қарағандай тексеріп, жөндеуге жараса ғана жұмысқа кіріседі. Сондықтан бұл болжамға өз басым сенбеймін.

Авиациялық апаттар тарихына көз жүгіртсек 2002 жылы қытайлық Боинг апатқа ұшырап, 225 адам қайтыс болды. Себебі ол ұшақ алдында құйрығымен жер сүзіп, күрделі жөндеуден өткен. 18 жыл өткесін бәрібір сыр беріп, әуеде жарылып кеткен. Демек, жөндеу зауытта жасалса да, жүз пайыз сенім жоқ. Бұл онсыз да күпті көңілдерді тіпті шатастырды. Бір қызығы екі жүзден астам азаматынан бейбіт күнде айырылған Ресей билігі апатқа қатысты нақты ұстанымын айтып, пікір білдіруге асығар емес. Ресейлік ақпарат құралдары оның бір себебін, «Когалымавия» тасасында тұрған жоғары лауазымды азаматпен байланыстырады. «Лента.ру» басылымы компания бір кездері Қоғалым қаласының мэрі болған, ал қазір Мәскеуді басқарып отырған Сергей Собяниндікі деген мақала жариялады. Ал мынау сол компанияның Сургут қаласындағы әуежайында отқа оранған ұшағы. Ол жолы ұшақ көкке ұшпай-ақ үш адамның өмірін жұтты. Әуе паркінің сексен пайызы ескі ұшақтардан тұратын компанияның тәжірибесінде екі апаттық қону фактісі де бар.

Мысырдағы апаттың ізін ала біздің ел де қауіпсіздікті еске алды. Әуе апаттарының күйігін Қазақстан да бірнеше рет тартқан. Өскемендегі «Қыс-2015» жаттығуында төтенше жағдайдағы іс-қимыл пысықталды. Бір айта кетерлігі, отандық әуе парктегі 800 ұшақтың тек 447-сінде ұшуға жарамдылығын растайтын сертификат бар.

Көпбосын Тоқпақбаев, ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитетінің басқарма басшысы:

¤

Біз қазір бүкіл авиакомпанияларға жолдаухат жібердік. Солардың әрбір пункттерін олар орындаулары керек. Біз әрқашан кезекті  инспекциялық тексерістерде барып тексеріп тұрамыз. Ұшқыш мүшелері қалай қимылдайды, олар тез қимылдау керек. Және тез қимылдағанда дұрыс қимылдау керек. Екінші жағдай техникалық ақаулар. Техника болған соң жаңа техникада да ескі техникада да ақаулар болып тұрады. Оларды болдырмау үшін біз профилактикалық жұмыстарды жүргіземіз.

Ал «Коммерсант» басылымында бүгін шыққан мақалаға сүйенсек, кеше кешкісін А321 ұшағының жермен дыбыстық байланысын жазатын екінші «қара жәшікті» оқу нәтижесі, бортта жарылыс болғанын растаған. -Жазбада жарылыс дыбысы бар, және ол қозғалтқыштың істен шығуымен байланысты емес- дейді портал. Бұл жаңалыққа қатысты Ресей әлі ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Егер де террорлық акт болжамы расталып жатса, әуе кемесінің бортына бомба қалай жасырылды, Мысыр әуежайының қауіпсіздік қызметі қайда қарады?- деген сан сауал жамырайды. Ал жарылғыш зат бұрын айтылғандай өздерін «Ислам мемлекеті» деп атайтын терроршылардың ісі болса, ол Ресейдің Сириядағы іс-әрекетіне террористердің жауабы екені тағы белгілі.

Владимир Куропатенко, Қазақстандық авиатасымалдаушылар қауымдастығының төрағасы:

Над территорией там где идут военные действия летать нельзя. Отдыхайте лучше дома. 

Азамат Алдоңғаров