$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Қостанай мен Өскеменде сотталғандарды жұмысқа орналастыру шарасы қолға алынды

AstanaTV
01.06.2016ж. 20:00
1874
Қостанай мен Өскеменде сотталғандарды жұмысқа орналастыру шарасы қолға алынды

Өскеменде бұрын сотталғандарды жұмысқа орналастыратын арнайы орталық ашылды. Қазірдің өзінде орталыққа  200-ден астам адам жүгініп, олардың 23-і еңбекпен қамтылған. Ал Қостанайда жазасын өтеп шыққандар үшін еңбек жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Заңғар Санай сабақтайды.

20 жастағы Михаил Левин төбелес және бұзақылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылып, абақтыда жазасын өтеп шыққан. Темір тордың ар жағындағы өмір жас жігітке үлкен сабақ болғанын айтады. Енді еңбек етіп, баспаналы болып бақытты ғұмыр сүргісі келеді. Бірақ сотталған адамдардың жұмысқа тұруы өте қиын екендігін айтады.

Михаил Левин:

Өзімнің ақымақтығымнан абақтыға қамалып, отырып шықтым. Түрмеден шыға сала жұмысқа тұрғым келді. Бірақ қайда барсам да, менің сотталғанымды көре сала, жұмыс берушілер бас тартады.

Түрмеден шыққандардың басым бөлігі слесарь, тас қалаушы, электрик секілді өте қажетті мамандықтарды меңгеріп алған. Соған қарамастан, оларға жұмысқа орналасу тым қиын. Оған қоса сотталғандардың көбісінің құжаттары түгел емес. Енді оларға еңбек орталықтары қол ұшын созғалы отыр.

Самал Серікханова, ШҚО еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

Көп жағдайда жазасын өтеп шыққан жандардың құжаттары түгел болмайды. Тіпті кейбіреуі тиесілі баспанасынан  айрылып қалған. Соның бәрін қайта қалыпқа келтіру үшін білікті заңгердің көмегі керек. Біздің орталықта дәл  осындай қызметтер көрсетіледі.

Екі қолға бір күрек ұстағысы келетіндердің әрқайсысына әлеуметтік карта жасалған. Орталық өкілдері бұрын сотталғандардың бағыт-бағдарын бақылап, жан-жақты көмек көрсетіп отырады. Бүгінгі таңда орталыққа 200-ден астам адам жүгініпті. Олардың біразы құжатын түгендегісі келетіндер. Кейбірі жұмыс іздеушілер.

Ал қылмыстық-атқару жүйесінің Қостанай облысындағы департаменті қалалық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлесе отырып, еңбек жәрмеңкесін ұйымдастырды. Игі шараға шартты түрде жазаға кесілген 40 адам қатысты. Оларға шаһардағы 4 ірі құрылыс компаниялары бос орындарды ұсынып, жұмыстың талап-тәртіптерін түсіндірді.

Данияр Сұлтанов, жұмыс беруші:

Біз сіздерді үйретеміз. Әрмен қарай стропольщик, монтажник болуға мүмкіндіктеріңіз болады. Сол арқылы жалақыларыңыз көбейеді. Солай жұмыс істейсіздер. Мол мүмкіндіктеріңіз болады деп түсіндіріп айттым.

Қылмыстық атқару жүйесінің өкілдері қазіргі таңда 70 жазасын өтеуші жұмысқа тұруға жолдама алғандығын айтады. Яғни олар мерзімін толық өтеп шыққан соң бірден еңбекке кіріседі деген сөз.

Балнұр Жайсаңбекова, Қостанай облысы бойынша ҚАЖД пробация қызметінің инспекторы:

Қостанай қаласындағы пробация қыметінде 670 адам жазасын өтеуде. Оның 70 пайызы шектеулі түрде, 15 пайызы шартты түрде сотталғандар. Кәмелетке толмағандар саны 7. Осы бүгінгі іс-шараның мақсаты - жазасын толық өтеп болғандарды жұмыс орынымен қамтамасыз ету.

Жәрмеңкеге қатысқан жазасын өтеушілер жұмыс беруші тараптың талаптарымен танысып, алдын-ала бос орындарға жазылып қойды. Кейбіреуі қыркүйек айында басталатын қайта оқыту курстарына қатысатын болды. Сотталғандар мұндай мүмкіндік жасалып жатқандығына дән разы екендіктерін білдіріп тарқасты.

Заңғар САНАЙ