$521.53 €601.01 ₽6.43
×

Қазақстанда соңғы 5 жылда жасөспірімдер арасында 33051 жүктілік фактісі тіркелген

AstanaTV
01.06.2016ж. 20:00
3703
Қазақстанда соңғы 5 жылда жасөспірімдер арасында 33051 жүктілік фактісі тіркелген

Қазақстанда соңғы 5 жылда жасөспірімдер арасында 33 051 жүктілік фактісі тіркелген. Бұл сандарды Мәжіліс депутаты Бақтияр Мәкен депутаттық сауалында келтірді. Халық қалаулысы премьер-министрдің атына жолдаған саулында жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің алдын алуға, түсік жасатпауға бағытталған бір де бір мемлекеттік тиімді бағдарламаның жоғын айтты. Ал сәбилерін дәретхана мен қоқысқа лақтырған жас қыздар саны, өкінішке орай, азаймай отыр.

Бақтияр Мәкен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

15-18 жасқа дейінгі аралықта қыздар арасында 9906 жасанды түсік, аборт жасалған. Бұл мәлімет пайыздық көрсеткіш бойынша Батыс Еуропа елдерінің көрсеткішімен салыстырғанда 2-3 есе артық. 15-18 жас арасындағы қыздар арасындағы аборт көрсеткіштері әлі күнге дейін жоғары, нақтырақ айтсақ, бір жылда жасалатын аборт саны 2000 дейін жетеді.

Ал депутат Кеңес Абсатиров 16 жасқа толмаған жасөспірімдерге ата-аналарының рұқсатынсыз әлеуметтік желілерге тіркелуге тыйым салуды сұрады. Оның айтуынша, 2015 жылдың статистикасы бойынша суицидқа үгіттейтін әлеуметтік желі парақшаларына 2 мыңдай жасөспірім жазылған. Ал Қазақстан жасөспірімдер арасындағы суицид бойынша әлемдегі көшбасшы елдердің үштігіне еніп отыр.

Кеңес Абсатиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясының мүшесі:

Әлеуметтік желілердегі суицидқа үгіттейтін парақшаларға тіркелудің ашықтығы - жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауының бір себебі. Мәселен, Алматының аудандық соты «ВКонтакте» желісіндегі екі парақшаны заңсыз деп танып, жауып тастады. Өйткені оларда өз-өзіне қол жұмсаудың әдістері мен тәсілдері ашықтан ашық түсінідірілген болатын. Ондай жағдайлар аз емес. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ