Өскеменде, Жеңістің 70 жылдығына орай,
2-ші дүниежүзілік соғыста пайдаланылған әскери техникалар көпшілік
назарына ұсынылады. Әртүрлі зеңбірек пен әскери көліктер, қаланың орталық
алаңынан жүріп өтеді. «Олардың арасында аты аңызға айналған - Катюша да бар»,
дейді шараға ұйытқы болып жүргендер.
Сұм соғыста пайдаланылған, Кеңес Одағының әскери көліктері 70 жылдан соң
салтанатты шеруге қайта қатыспақ. Раритетке айналған техниканы шара
ұйымдастырушылары түрлі сайттар мен арнайы форумдардан іздеп тауыпты. Кей
көліктер Ресейдің «дала госпиталінен» сатып алынған. Енді бір көліктерді
Украинадан тауыпты. Ал Жеңіс рәмізіне айналған Т-34 танкін, Польшадан алдыртып
жатқандарын айтады.
Андрей Веневцев:
Әрбір техника Жеңістің нысаны болып табылады. Мәселен, Ладога. Ленинградты
аштықтан аман алып қалу үшін бұл көліктің 3 мың бірлігі су астына кетіпті. Ал,
танк қазір Өскеменге келе жатыр.
Мына Т-60 танкі 2 адамға арналған. Немістер оған «жойылмайтын шегіртке»
деген ат қойыпты. Барлау қызметінде, тіпті ұрыс кезінде де бұл көлік таптырмас
техника болды. Экипаж мүшелері Леонид Лунев пен Алексей Евсеев қазір күнде
жаттығып жүр. Айтуларынша, әскери шеруде көрермендер бұл көліктің мықтылығы мен
жылдамдығына таң қалуы тиіс.
Алексей Евсеев:
Қырқыншы жылдары бұл танк басқа техникалармен салыстырғанда өте ұшқыр көлік
болған.
Өскеменнің алаңына ұқсас мына әскери нысанда қазір күнде жаттығу жұмыстары
жүреді. Шерудің ең қиын бөлімі, ол мына
12 әскери техникаға түсіп отыр. Олар 150 метрді құрайтын бір қатарға тізілуі
тиіс. Барлығы да осыдан 70 бұрын болған Жеңіс шеруіндегідей болу керек. Тіпті
сарбаздардың киімі де мұрағаттағы суреттерден көшіріліп тігілген.
1945 жылдың мамырында Рейхстагтың үстінде желбіреген жеңіс жалауы тура 70
жыл бұрын сияқты бұл жолы да әскери сапты бастайды. Салтанатты шеруден кейін
халық назарына ұсынылған бүкіл техника жаңадан ашылған «әскери даңқ» мұражайына
орналастырылады.
Абзал ҚҰРМАНКИН