Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Н.Ожаев: Атыраудағы жатақхананың құлауына тұрғындар тарапынан күтімнің жоқтығы мен кәріз суы әсер еткен

AstanaTV
01.06.2015ж. 20:00
1402
Н.Ожаев: Атыраудағы жатақхананың құлауына тұрғындар тарапынан күтімнің жоқтығы мен кәріз суы әсер еткен

Атырауда жатақхананың опырылып құлауына тұрғындар тарапынан күтімнің жоқтығы және кәріз суы әсер еткен. Қала әкімі Нұрлыбек Ожаев бүгін ақпарат құралдарына осылай деді. Кеше танертең жергілікті уақытпен күндізгі 11 шамасында қаладағы Баймұханов көшесінде орналасқан жатақхананың бір жақ қабырғасын опырылып құлады. Абырой болғанда, адамдар аман. Дегенмен тұрғындар апаттың болатынын жергілікті билікке ескерттік, бірақ құлақ түрген жан болмады деп ашулы. 

Жамал Бисенғалиева:

Акиматқа наурыз айында ескерттік, ЧС-қа өзіміз жаздық. «Құлайын деп тұр, үйімізден тас түсіп жатыр», - деп. Біз ЧС-қа, акиматқа айтқан соң, Ожаевқа жазғаннан кейін барып, бізді қудалау басталды. Үй бермейміз, кет де, кет деп. Ожаев толған халыққа: «20 жылға дейін үй құламайды, сендерге үй беріп, сотталып кететін жайым жоқ»,- деді қалалық әкіміміз.

Тұрғындардан зәре-құт қашқан. Қабырға құлаған кезде бөлмелерінде болыпты. Бірінші қабаттағы опырылған бөлменің тұрғынын сол күні қызы үйіне алып кетіп, аман қалды, - дейді.

Бибі Базарғалиева:

Тарс ете түсті, коридорға шығып қарасам, көрші апа құлап жатыр екен жерде. Не болды, дегенімде. Бибі, қара, үйдің арты құлап кетті, шығыңдар тездетіп, деді.  Интернетте жазған - үш күн бұрын көшірілген деп, ондай болған жоқ. Екінші этаж, үшінші этаж әкімнің көзінше құлады.

Асылбек Жанғалиев, Атырау облыстық ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімшесінің басшысы:

Құрылыс мамандарының кезінде берген қорытындыларына сай, бұл апатты боп саналған. Сол апаттың салдарынан қабырғалары құлауы орын алды. 2,3 қабат құлап, қабатаралық плиталар құлады.

Бұл жатақхана 1970 жылы теміржолшыларға беріліпті. Тұрғындар оны 1990 жылдары жекешелендіріп алған. 95 пәтерлік баспананы 2010 жылы мемлекеттік сәулет құрылыс мамандары пайдалануға келмейді деп, апатты баспана қатарына жатқызған. Бірақ жергілікті билік тұрғындарды көшіруге асықпаған. Есесіне кәсіпкерлер көмегімен жөндеу жүргізіп берген. Енді қала әкімі, оқыс жағдайға баспананы дұрыс күтпеген тұрғындар кінәлі, деп санайды.

Нұрлыбек Ожаев, Атырау қаласының әкімі:

Түрлі жөндеу жұмыстары атқарылған. Үй тозған, күтім шаралары алынбаған, су, канализация кеткен, сондықтан еріген қар суы, кешегі жаңбыр суы салмақ болған, тастары бетіне шығып жатыр, езіліп кеткен. Бірінші кезекте содан болуы мүмкін деген көзбен қарап айтуға болады.

Қазір апат болған аумақ толықтай қоршауға алынып, құқық қорғау органдары күзетіп жүр. Әзірге ешкімге кіріп-шығуға рұхсат берілген жоқ. Апатты баспананың 140 тұрғыны құрылыс компаниясының жатақханасына уақытша көшіріліпті. Ал арнайы құрылған комиссия тұрғын үйге мұқтаж жандарды анықтауға кірісіпті. Айта кетейік, осы үйдегі тұрғындарға 2010 жылдан бері жаңа пәтерлер беріліп келген. Қазір олардың саны 32-ге жетіпті. Шаһар басшысы енді 63 отбасының барлығына бірдей жаңа баспана бұйырмауы мүмкін екені ашып айтты.

Нұрлыбек Ожаев, Атырау қаласының әкімі:

240 пәтерлік 9 қатарлы коммуналдық меншіктегі үй құрылысы бітті. Осыған келесі аптадан бастап барлық тұрғындар көшіріледі. Құрылыс жұмыстары бітіп, мемлекеттік қабылдау актісі қабылданғаннан кейін көшіріледі деп, жоспарлап отырмыз. 63 отбасының тұрғын үйге мұқтаж деп танып отырғанымыз - 42. Кезекке тіркелген. Қалған 21 отбасынын зерттеп отырмыз. Заңдылықтарға сәйкес көмек шаралары алынады.

Базаргүл Нәдірқызы, тілші:

Мына 9 қабатты үй құрылысы 15 маусымда аяқталуы тиіс. Апатты үй тұрғындары осы баспанаға көшіріледі. Әрқайсысы 35 шаршы метрді құрайтын пәтерлерге көшуге 24 отбасы келісім бермей отыр, оның 12-сі сотқа талап арыз беріп үлгерген. Ал қала әкімі тұрғындардың нақты қай күні қоныс аударатынын нақтылаған жоқ.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ