$506.21 €568.42 ₽6.3
×

Қырылған киіктердің саны тағы артты

AstanaTV
01.06.2015ж. 20:00
1394
Қырылған киіктердің саны тағы артты

Қырылған киіктердің саны арта түсті. Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтың дерегінше, сирек жануардың жалпы саны 127145 өлексесі көмілді. Министр ақбөкендердің неден қырылып жатқанының отандық мамандармен қатар шетелдік сарапшылар да анықтайтынын айтты. 

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Қазіргі уақытта біздің министрлікте осыған дейін құрылған жұмыс тобында бірнеше гипотеза, бірнеше версиялар зерттелген, осы барлық варианттар бойынша мамандар жұмыс істеп жатыр, оның ішінде ғылыми мамандар, шетелден біздің шақыруымызбен эксперттер тиісті анализдерді алып, қазір МЭП-тің қорытындысын күтіп отырмыз.

Киіктердің қырылуы бойынша зерттеу қорытындысы маусымның аяғында жарияланады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің төрағасы Бағдат Азбаев хабарлады. Қазіргі күні министрлік жанынан құрылған арнайы жұмыс тобы барлық сынамаларды тексеруді бастаған. Әлі күнге дейін киіктердің нақты неден қырылған себебі белгісіз. Тек түрлі жорамал жасалып отыр. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігі ақ бөкендердің миграция аумақтарында экспедиция өткізуді жоспарлап отыр.

Еске салайық, мамыр басынан Қостанай, Ақтөбе және Ақмола облыстарында бөкендердің жаппай қырылғандығы анықталды. Мамандардың пікірінше, Қостанай облысында олар «пастереллезден», ал Ақтөбе облысында «анаэробты энтеротоксемиядан» қырылған. Соңғы рет 2014 жылы жүргізілген санақ бойынша Қызыл кітапқа енген жануарлар саны елімізде 300 мыңнан асқан.

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Әсіресе Қызылорда облысының аумағынан басталып, өзге облыстарға тарайтын киік популяциясының жолдарын зерттеу керек. Жайылған жерлерін де тексеру керек. Бөкендер миграция жасаған жолдардағы судың, топырақтың, шөптің сынамалары алынып, зерттеу жүргізілуі тиіс. Киіктердің бірқатары чиптелген, соны бақылау арқылы көштің жолын табу оңай.

Берік ХАСЕНОВ