$539.55 €627.55 ₽6.7
×

Тасқын судың астында қалған Зырян ауданының тұрғындары үйлеріне оралуда

AstanaTV
05.05.2015ж. 20:00
Тасқын судың астында қалған Зырян ауданының тұрғындары үйлеріне оралуда

Су тасқыны салдарынан қауіпсіз жерлерге көшірілген Шығыс Қазақстандағы Зырян ауданына қарасты 7 ауылдың тұрғындары үйлеріне орала бастады. Қазір арнайы комиссия табиғи апат келтірген залалдың мөлшерін анықтау үстінде.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, аталмыш өңірде 350 үй су астында қалған еді. Үйлердің көбі қайта қалпына келтірілмейтіндей күйге жеткен. Комиссия мүшелері зардап шеккен үйлерді аралап жүр. Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, қазір су басқан ауылдарға электр қуатын беру ісі жолға қойылды.

Ермак Сәлімов, ШҚО Зырян ауданының әкімі:

Келген шығын мөлшері анықталуда. Қалпына келтіруге болатын үйлерді қайта жөндейміз. Бұзылған үйлердің орнына жаңа үйлер салынады. Жергілікті шаруашылық басшылары малынан айырылғандарға сиыр, жылқы беруге келісіп отыр. Бастысы - апаттан адамдардың өзі зардап шеккен жоқ. Бәрі дін-аман.

Айта кетейік, бүгінде су тасқыны бұзып кеткен тас жолдарда  уақытша айналма жол салынып жатыр. Ал мамандар жақын күндері  Бұқтырма өзенінің бастау алатын тұсында мұздақтар еритінін айтады, яғни сел қаупі әлі де сейілмей тұр. 

Жұрағат БАМАН